ТМРК: инфрақұрылымды жаңғырту тарифтердің негізсіз өсуіне себеп болмауы тиіс

ТМРК: инфрақұрылымды жаңғырту тарифтердің негізсіз өсуіне себеп болмауы тиіс

Бүгін Астана қаласында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) ұлттық жобасы аясында өндірісті локализациялау» тақырыбында семинар-кеңес өтті.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, отандық тауар өндірушілердің өкілдері, сондай-ақ салалық сарапшылар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Семинар аясында өндірістерді локализациялау, қазақстандық өндірушілердің ЭКСЖ жобаларына қатысуы, стандарттау, кәсіпорындар кооперациясы, тариф қалыптастыру және отандық өнімді жобалау-сметалық құжаттамаға енгізу мәселелері талқыланды.

Іс-шараның ашылуында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев ағымдағы жылдың басынан бастап «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы барынша белсенді іске асыру кезеңіне өткенін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Электрондық платформада жалпы сомасы 1,4 триллион теңгені құрайтын 515 жоба жинақталған. Мамыр айындағы жағдай бойынша олардың жартысына жуығы, яғни жалпы сомасы 450 млрд теңгеден асатын 225 жоба “іске асыруға дайын” мәртебесіне ие», — деді төраға.

Сондай-ақ, төрағаның айтуынша, Ұлттық жобаны іске асыру отандық өндірушілер үшін елеулі мүмкіндіктер ашып отыр. Себебі мемлекет қазақстандық тауар өндірушілерді құрылыс материалдарына, кабельдерге, құбырлар мен жабдықтарға кепілдендірілген, ұзақ мерзімді әрі ауқымды сұраныспен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көлемдер бағаның негізсіз өсуіне себеп болмауы тиіс.

«Материалдардың кез келген негізсіз қымбаттауы түпкі тұтынушының қалтасына тікелей әсер етеді, халық үшін тарифтерге енгізіледі және қоғамда әлеуметтік шиеленіс туындатады. Бұған жол беруге болмайды», — деп атап өтті ол.

Семинар аясында қазақстандық өндірушілер өнімдерінің көрме аймағы және ЭКСЖ жобалары бойынша тікелей келіссөздер, консультациялар өткізу мен өтінімдерді талқылауға арналған B2B алаңы да жұмыс істеді.

Іс-шара бағдарламасына өндірістерді локализациялау, жаңа технологияларды енгізу, тарифтік саясат, стандарттау және отандық кәсіпорындар арасындағы кооперацияны кеңейту мәселелеріне арналған пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.