ТМРК-да «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша жария тыңдау өтті

ТМРК-да «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімі бойынша жария тыңдау өтті

Бүгін ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінде кезекті жария тыңдау өтті, осы жолы «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 2021-2025 жылдарға арналған магистральдық құбырлар жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметке тариф пен тарифтік сметаны бекітуге арналған «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімін қарау бойынша.

Жария тыңдауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның басшылығы, салалық ассоциациялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және басқа да мүдделі тұлғалар, сондай-ақ тұтынушылар қатысты.

Жария тыңдау ТМРК төрағасының орынбасары Ерболат Ибрайхановтың төрағалығымен өтті, ол барлық қатысушыларды қарсы алып, жария тыңдауды өткізу тәртібімен таныстырып, сондай-ақ «ҚазТрансОйл» АҚ-ның тарифтік сметалары мен тариф жобаларына қатысты өз ұсыныстары мен ескертулерін белсенді түрде айту қажеттігін атап өтті.

«Жария тыңдауларды өткізудің мақсаты тұтынушылар мен табиғи монополиялар субъектілері мүдделерінің теңгерімін сақтауды, жариялылықты, хабардарлықты қамтамасыз ету, «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жоғарыда көрсетілген реттеліп көрсетілетін қызметтерге арналған өтінімдерін қарау рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету болып табылады», - деп атап өтті Ерболат Ибрайханов.

Елордада карантиндік шаралардың күшеюіне байланысты, жария тыңдау сонымен қатар Комитеттің Facebook-тегі ресми парақшасы және ZOOM платформасы арқылы трансляцияланды, онда әркім нақты уақыт режимінде субъектінің өтінімі бойынша сұрақ қоя алды.

Жария тыңдауда субъектінің спикері ретінде «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Бас директорының орынбасары - Жайық Махин сөз сөйледі.

«ҚазТрансОйл» АҚ-ның өкілі өз сөзінде табиғи монополиялар туралы заңнамаға сәйкес жоғарыда аталған реттеліп көрсетілетін қызметке тариф 5 жылға белгіленетінін хабарлады.

««ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистральдық құбырлары жүйесі бойынша Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай айдау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметке қолданыстағы тариф 2016-2020 жылдарға бекітілді. Олардың әрекет ету кезеңінің аяқталуына байланысты ТМРК-ға «ҚазТрансОйл» АҚ-ы 2021-2025 жылдарға арналған жаңа тарифтер мен тарифтік сметаларды бекітуге өтінім берді», - деп атап өтті Жайық Махин өз сөзінде.

Содан кейін жария тыңдаудағы қатысушылар мен БАҚ өкілдері субъектінің тарифтері мен тарифтік сметаларының жобаларына қатысты өздерін қызықтыратын және толғандыратын сұрақтарды қойып, оларға жауаптар алды.

Қорытындылай келе, Комитет басшысының орынбасары барлығына қатысқаны және ұсыныстарын белсенді айтқаны үшін алғысын білдірді және ұсынылған жоба тек жоба болып табылатынын және түпкілікті шешім «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өтінімін қарау қорытындылары бойынша табиғи монополиялар туралы заңнамада белгіленген мерзімде және тәртіппен қабылданатынын еске салды.

Ерболат Ибрайханов қатысушыларға Комитет жария тыңдаудағы қатысушылардың пікірін әрдайым ескеретінін және түпкілікті шешім қабылдау кезінде тұтынушылар мен субъект арасындағы мүдделер теңгерімін сақтауға тырысатынын тағы да еске салды.