Табиғи монополиялар саласындағы 30 жыл — кәсібилік пен жауапкершілік жолы

Табиғи монополиялар саласындағы 30 жыл — кәсібилік пен жауапкершілік жолы

Бүгін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев Алматы облысы бойынша Комитет Департаментінің басшысы Гүлмира Сейітбекқызы Утегенованы 60 жас мерейтойымен құттықтады.

Гүлмира Сейітбекқызы табиғи монополияларды реттеу саласындағы еңбек жолын 1995 жылы Қызылорда облысында бастап, маманнан басшылық қызметке дейін кәсіби жолдан өтті. Ол тарифтік реттеу мен мемлекеттік бақылау мәселелеріне 31 жылдан астам уақытын арнап, өзін жауапты, әділетті әрі жоғары білікті маман ретінде көрсетті.

2025 жылғы 21 шілдеден бастап Гүлмира Сейітбекқызы Алматы облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментін басқарып келеді. Қызметінде салалық мемлекеттік саясатты, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға белсенді қатысуда.

Көпжылдық адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін Гүлмира Сейітбекқызы мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Құрмет грамоталары, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі, «Ерен еңбегі үшін» медалі және «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» төсбелгісі бар.

Құттықтау сөзінің соңында Комитет Төрағасы былай деп атап өтті:

«Гүлмира Сейітбекқызы — терең білімі мен бай тәжірибесі бар өз ісінің нағыз кәсіби маманы. Оның әділетті әрі талапшыл, жауапкершілігі және мемлекетке адал қызметі әріптестеріне үлгі. Алдағы уақытта да табиғи монополияларды реттеу жүйесін дамытуға қосатын үлесі саланың тиімділігі мен тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді деп сенемін. Шын жүректен зор денсаулық, амандық және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін».