Еліміздің барлық өңірлерінде коммуналдық қызметтерді тұтынушыларға арналған қоғамдық қабылдаулар өтті

Еліміздің барлық өңірлерінде коммуналдық қызметтерді тұтынушыларға арналған қоғамдық қабылдаулар өтті

2026 жылғы 3 ақпанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызметтерді тұтынушыларға арналған қоғамдық қабылдау өткізді. Осы күні Комитеттің аумақтық департаменттері де республика бойынша осындай іс-шараларды ұйымдастырды.

Қоғамдық қабылдаулар дәстүрлі түрде Facebook әлеуметтік желісін пайдалану арқылы онлайн форматта өтті. Бұл формат кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік беріп, барлық мүдделі азаматтардың тікелей эфирлерге қосылып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, уәкілетті орган өкілдерінен жедел әрі нақты түсіндірмелер алуына жағдай жасады.

Іс-шара барысында Комитет мамандары электр энергиясы нарығындағы ағымдағы жағдай, тауарлық газдың бөлшек бағаларындағы өзгерістер, сондай-ақ уәкілетті органның қарауында жатқан сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау салаларындағы өтінімдерді қарау тәртібі мен мәртебесі туралы жан-жақты ақпарат берді.

Сонымен қатар инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға және салалардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында іске асырылып жатқан жобаларға ерекше назар аударылды.

Қоғамдық қабылдау барысында Атырау облысының тұтынушыларынан реттелетін қызметтерге қатысты үш өтініш келіп түсті. Барлық өтініштер бойынша Комитеттің құзыреті шегінде тиісті түсіндірмелер берілді.

Табиғи монополияларды реттеу комитеті алдағы уақытта да қызметінің ашықтығын арттыруға, халықпен кері байланысты нығайтуға және реттелетін салалардағы негізгі өзгерістер туралы азаматтарды уақтылы хабардар етуге бағытталған ашық қоғамдық қабылдаулар өткізу тәжірибесін жалғастырады.