
2026 жылғы 27 қаңтарда Астана қаласында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы (ЭКСЖ) бойынша Қоғамдық кеңестің үшінші отырысы өтті. Іс-шара «Қазақстан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту және дамыту орталығы» АҚ-ның базасында ұйымдастырылды.
Қоғамдық кеңес Ұлттық жобаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету және оның тиімділігін арттыру мақсатында құрылған. Кеңес құрамына депутаттар, қоғам қайраткерлері, қауымдастықтар мен сараптамалық қоғамдастық өкілдері кіреді.
Ұлттық жобаның іске асырылу барысы туралы Қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев баяндама жасады. Өз сөзінде ол Ұлттық жоба бекітілген сәттен бері бір жыл ішінде оны практикалық тұрғыда іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық, қаржылық және ұйымдастырушылық негіз қалыптастырылғанын атап өтті.
2025 жылы Ұлттық жоба аясында Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы сомасы 31,6 млрд теңгеге 17 пилоттық жоба қаржыландырылды. Қаржыландыру жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу тетігі және екінші деңгейлі банктердің инвестицияларын тарту арқылы жүзеге асырылды.
2026 жылға жөндеу жұмыстарын жүргізуге қажеттілік 1,1 трлн теңге көлемінде айқындалды, оның ішінде 919 млрд теңге Ұлттық жоба ЭКСЖ-ның электрондық платформасында тіркелген. Қаржыландыру көздері ретінде отандық қаржы институттарының, «Бәйтерек» холдингінің және халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты көзделген.
Жобаларды үйлестіру және сүйемелдеу мақсатында Ұлттық жоба МЭКС-тің электрондық платформасы құрылды. Қазіргі таңда платформада 386 инвестициялық жоба қаралуда. Жүйеде барлық жергілікті атқарушы органдар, уәкілетті мемлекеттік органдар, табиғи монополия субъектілері, EPC-мердігерлер және отандық бизнес өкілдері тіркелген.
2029 жылға дейін отандық тауар өндірушілердің 2 786 тауар позициясы бойынша жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге сатып алулар көлемі айқындалды. Бұл шаралар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту аясында отандық өнеркәсіпті қолдауға және жергілікті өндірісті дамытуға бағытталған.
Презентация барысында спикер 2026–2029 жылдар аралығында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға қажетті инвестициялардың жиынтық көлемі туралы ақпарат ұсынды. Жалпы қаржыландыру көлемі шамамен 6,5 трлн теңгені құрайды.
Аталған қаражат есебінен шамамен 84 мың шақырым инженерлік желіні жөндеу, сондай-ақ 0,8 трлн теңге көлемінде 8 миллионға жуық есептеу құралын орнату жоспарланып отыр.
2026 жылы қажеттілік көлемі 2025 жылмен салыстырғанда екі есеге артып, 468 млрд теңгені құрайтыны атап өтілді. Бұл инфрақұрылымдағы аса күрделі ақауларды жоюдың белсенді кезеңіне көшуді білдіреді. Ал ең жоғары жөндеу жұмыстарының көлемі 2029 жылға жоспарланып, 2 трлн теңгеден асады.
2025 жылы «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның қатысуымен Павлодар, Теміртау және Тайынша қалаларында жылумен жабдықтау саласында үш жоба аяқталды.
Отырыста сондай-ақ 2026 жылға арналған басым міндеттер таныстырылды. Олардың қатарында электрондық платформаны дамыту, жобаларды қарау мерзімдерін жеделдету және іске асыру тиімділігін арттыру мәселелері бар.
Қоғамдық кеңес мүшелері атқарылып жатқан жұмыстың жүйелі сипатын атап өтіп, Ұлттық жоба ЭКСЖ-ні іске асыру барысында қоғамдық бақылау мен ашықтықты одан әрі қамтамасыз етудің маңыздылығын ерекше атап өтті.