Алматы қаласы мен Алматы облысында электр энергиясына тарифтердің өсуі мүмкін екендігі туралы ақпараттың таралуына байланысты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті мынаны хабарлайды:
2025 жылғы 25 тамызда «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – «ЭнергоСбыт» филиалынан электр энергиясын жеткізу тарифінің алдағы уақытта көтерілуі туралы ресми хабарлама келіп түсті.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 124-6-бабының 6) тармақшасына сәйкес хабарлама жобасын қарау міндетті түрде жария тыңдаулар өткізе отырып жүргізіледі. Бұл процесс транспаренттілікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ тұтынушылар мен басқа да мүдделі тараптардың пікірлерін ескеруге бағытталған.
Тариф бойынша шешім өңірдегі ағымдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды міндетті түрде ескере отырып, экономикалық негізделген есептеулер мен құжатталған деректер негізінде ғана қабылданатын болады.
Қарастырылып отырған хабарлама шеңберінде алдын ала шешім бойынша электр энергиясын тек өз қажеттіліктері үшін пайдаланатын тұрмыстық тұтынушылар үшін тарифті көтеру күтілмейтінін ерекше атап өтеміз.
Әлеуметтік осал және аз қамтылған азаматтар үшін жергілікті атқарушы органдар арқылы іске асырылатын тұрғын үй көмегі тетігінің күші сақталатынын қосымша хабарлаймыз.
Белгіленген ережелерге сәйкес, тұрғын үй көмегі отбасының жиынтық коммуналдық шығындары жалпы табыстың 5% - дан асатын жағдайларда беріледі. Мұндай жағдайда айырмашылық әкімдіктердің бюджеті есебінен өтеледі.
Хабарламаны және ұсынылған материалдарды қарау нәтижелері бойынша түпкілікті шешім 2025 жылғы 25 қыркүйектен ерте қабылданбайды. Көрсетілген күнге дейін ұсынылған негіздемелерді талдау, сондай-ақ жария талқылау барысында келіп түскен ұсыныстар мен ескертулерді есепке алу бойынша жұмыс жалғасуда.