2025 жылғы 28 тамызда Семей қаласында «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелеріне арналған өңірлік кездесу өтті. Іс-шараға Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерінің өкілдері, табиғи монополиялар субъектілері, құрылыс және жобалау ұйымдары, отандық өндірушілер, өңірлік кәсіпкерлер палаталарының мүшелері, салалық қауымдастықтар, қаржы институттары мен бұқаралық ақпарат құралдары қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы – инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және стратегиялық маңызды салаларға инвестиция тартуды қамтамасыз ететін Ұлттық жобаның негізгі тетіктері мен құралдары болды.
Салтанатты ашылу барысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Қанат Құлназаров сөз сөйледі. Ол коммуналдық және энергетикалық жүйелерді кешенді жаңғырту экономиканың тұрақтылығын арттырып, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың негізі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруға отандық өндірушілер мен кәсіпкерлерді белсенді тартудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
Өз тәжірибелерімен және жоспарларымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «ҚазОрталықТКШ» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ және «Qazindustry» АҚ өкілдері де бөлісті. Кездесу қатысушылары Ұлттық жобаны табысты іске асыру мемлекет, бизнес және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тығыз ынтымақтастыққа байланысты екенін атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық жоба аясында 12 коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының қатысуы жоспарланған. Жобалар шеңберінде 58 шақырым жылу желілерін, 125 шақырым су құбырларын және 124,8 шақырым кәріз желілерін қайта жаңарту көзделген. Бұл шаралар инфрақұрылымның тозу деңгейін 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы тартылатын инвестиция көлемі 22 миллиард теңгені құрайды.
Абай облысында жобаны іске асыру кезеңінде үш ұйым іске қосылады. 48 шақырым жылу желілері, 2 398 шақырым электр желілері, 196,6 шақырым су құбыры және 85,2 шақырым кәріз желілері жаңғыртылады. Бағдарлама нәтижесінде өңірдегі инфрақұрылымның тозу деңгейі 18,1%-ға төмендейді деп күтілуде.
Сонымен қатар, дәл осындай кеңес елдің оңтүстік өңірлерінде өткізіліп жатыр, онда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың негізгі бағыттары, сондай-ақ ұлттық жобаны іске асыруға өңірлік компаниялар мен бизнесті тарту тетіктері талқылануды.