2025 жылғы 28 тамызда Шымкент қаласында «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға арналған өңірлік сессия өтті.
Кездесуге әкімдіктердің өкілдері, табиғи монополия субъектілері, құрылыс және жобалау компаниялары, отандық өндірушілер, кәсіпкерлер, салалық қауымдастықтар, қаржы институттары мен өңірлік БАҚ жиналды. Талқылауға Шымкент, Түркістан және Жамбыл облыстарынан делегациялары қатысты.
Талқылаудағы негізгі назар ұлттық жобаның инженерлік желілерді жаңартуға және стратегиялық маңызды салаларға қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік беретін практикалық құралдарына аударылды.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілі Арман Мәлік құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде коммуналдық және энергетикалық жүйелерді жаңғырту – ел экономикасының тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жобаның міндеттерін орындауда отандық бизнес пен өндірушілерді тартудың ерекше маңызын атап көрсетті.
Жұмыстың барысы мен алдағы жоспарлар жөнінде ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, «Қазцентр ЖКХ» АҚ және «Қазақстан Даму Банкі» АҚ өкілдері баяндады. Қатысушылардың айтуынша, Ұлттық жобаны тиімді іске асыру тек мемлекет, бизнес және сараптамалық қауымдастық арасындағы әріптестік арқылы ғана мүмкін болады.
Шымкент қаласында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС тозу деңгейі 73,5% болатын кәріз желілерін пайдаланып отыр. Жүктемені азайту және жүйелердің сенімділігін арттыру мақсатында 164,4 шақырым кәріз желісін жаңғырту көзделген. Жобаны іске асыру тозу деңгейін 16%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 2026 жылы Шымкент қаласында жалпы инвестиция көлемі 44,9 млрд теңгені құрайды.
Жамбыл облысында ең өзекті мәселелердің бірі – электр энергетикасы саласы. «Жамбыл электр желілері» ЖШС тозу деңгейі 76% болатын электр желілерін пайдаланып отыр. Бұл мәселені шешу мақсатында 1 302 шақырым электр беру желісін жаңғырту жоспарланған. Нәтижесінде тозу деңгейі 12%-ға төмендейді, ал 2026 жылы жалпы инвестиция көлемі 22,4 млрд теңгеге жетеді.
Түркістан облысында ең жоғары тозу су мен кәріз жүйелерінде байқалады. Атап айтқанда, «Жетісай су» МКК-ның тозуы 82%, ал «Ащысай су» МКК-ның тозуы 85% құрайды. Жағдайды жақсарту үшін 47 шақырым су құбыры және 37,1 шақырым кәріз желілерін жөндеу жоспарлануда. Бұл инфрақұрылымның тозуын сәйкесінше 28% және 31% төмендетуге мүмкіндік береді.
Шымкенттегі кездесу Ұлттық жобаның мақсаттарын кеңінен түсіндіруге, тәжірибе алмасуға және барлық мүдделі тараптарды жаңғырту процесіне тартуға бағытталған жобалық кеңсенің көшпелі сессияларының бір бөлігі болды.