Қазақстанда энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуін тежеу жөнінде қосымша шаралар әзірленді. Бұл туралы Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Тимур Қосымбаев мәлімдеді.
Негізгі құралдардың бірі коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту үшін кәсіпорындар тартатын кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау болады. Айтылған тетікке сәйкес, жылу, су және электрмен жабдықтау объектілерін жаңартуға бағытталған қарыз қаражаты тарифке ішінара енгізілетін болады. Алайда, халыққа қаржылық жүктеменің күрт өсуін болдырмау үшін бюджет есебінен пайыздық мөлшерлемені ішінара жабу қарастырылған.
«Тарифке қысымды төмендету үшін республикалық бюджеттен берілетін субсидиялар сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін жабатын болады. Яғни, сыйақының 10% - ы тарифке енгізіледі, ал жоғарыдағылардың бәрін мемлекет субсидиялайды. Осылайша, біз тарифтің күрт өсуін азайтуға тырысып жатырмыз», - деп атап өтті Тимур Қосымбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны Үкімет 2024 жылдың соңында бекіткен болатын. Жобаның негізгі мақсаты - инфрақұрылымның тозуын азайту, халыққа коммуналдық қызмет көрсетудің сенімділігі мен сапасын арттыру.
Жоба шеңберінде ұзақ мерзімді жеңілдікті қаржыландыруды тартуды, отандық тауар өндірісін дамытуды, процестерді цифрландыру мен автоматтандыруды, жобалардың іске асырылу барысына техникалық мониторингті, сондай-ақ бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды қамтитын шаралар кешені іске асырылуда.
Осы тетіктерді іске асыру инженерлік желілерді жаңғыртуға, апаттылықты қысқартуға және ұзақ мерзімді перспективада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде.