2025 жылғы 5 тамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызметтерді тұтынушылар үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Осындай іс-шараларды Комитеттің бүкіл ел бойынша аумақтық департаменттері ұйымдастырды.
Дәстүр бойынша, қоғамдық қабылдаулар Facebook платформасын қолдана отырып, онлайн форматта өтті, бұл аудиторияның кең ауқымын қамтамасыз етті және барлық мүдделі азаматтарға қосылуға және өзекті сұрақтарға жедел жауап алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Комитет өкілдері электр энергиясы нарығындағы ағымдағы жағдайға, тауарлық газдың бөлшек бағасының өзгеруіне, уәкілетті органның қарауындағы сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау салаларындағы өтінімдерді қарауға қатысты мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
"Қазақстан темір жолы "ҰК" АҚ-ның 2026-2030 жылдарға арналған магистральдық теміржол желісі мен кірме жолдар қызметтеріне жаңа бес жылдық тарифті бекітуге өтінімін қарауға қабылдау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Қоғамдық қабылдау қорытындысы бойынша азаматтардан сұрақтар түскен жоқ.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті ашықтықты арттыруға, халықпен кері байланысты нығайтуға және реттелетін салалардағы негізгі өзгерістер туралы уақтылы хабардар етуге бағытталған ашық қоғамдық қабылдаулар жүргізу тәжірибесін жалғастырады.