2025 жылғы 10 шілдеде Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Н.Н. Болатбаевтың қатысуымен кеңес өткізілді, оның шеңберінде Комитет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру бойынша түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды.
Кеңеске мемлекеттік және реттеуші органдардың өкілдері, сондай-ақ монополист ұйымдардың басшылары қатысты: Батыс Қазақстан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Р. Мұлқай, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің БҚО бойынша аумақтық департаментінің басшысы С.Е. Ешев, «Жайықжылуэнерго» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Б.Т. Камешов, «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бас директоры А.Б. Аркенов және «Батыс Қазақстан өңірлік электр желілік компаниясы» ЖШС-ның бас директоры Р.Н. Майранов.
Кездесу барысында қатысушыларға ұлттық жобаның негізгі мақсаттары мен іске асыру тетіктері, қатысу шарттары, сондай-ақ жылумен, электрмен және сумен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған күтілетін нәтижелері түсіндірілді. Жобаны іске асыруға ниет білдірген табиғи монополия субъектілерінің жаңғырту бойынша жоспарлары мен іс-шаралары, сондай-ақ өзекті мәселелері талқыланды.