2025 жылғы 1 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызметтерді тұтынушылар үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Осындай іс-шаралар Комитеттің өңірлік департаменттері тарапынан еліміздің барлық өңірлерінде ұйымдастырылды.
Дәстүр бойынша қоғамдық қабылдаулар Facebook платформасы арқылы онлайн форматта өтті. Бұл формат барлық ниет білдірушілерге іс-шараға қосылуға және өздерін толғандырған өзекті сұрақтарға жедел түрде жауап алуға мүмкіндік берді.
Іс-шара барысында Комитет өкілдері электр энергиясы нарығындағы ахуал, тауарлық газдың бөлшек бағасының өзгеруі, сондай-ақ уәкілетті органның қарауындағы су және жылумен жабдықтау салаларындағы тарифтік өтінімдер жөніндегі мәселелерге егжей-тегжейлі тоқталды.
Газ бағасының өсуіне қатысты сұраққа ерекше көңіл бөлінді. Қатысушыларға 2025 жылғы 1 шілдеден бастап барлық тұтынушылар санаты үшін тауарлық газдың бөлшек бағасы орта есеппен 27%-ға өскені түсіндірілді. Бұл Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі бекіткен тауарлық газдың көтерме бағасының орташа есеппен 33%-ға ұлғаюымен тікелей байланысты.
Қоғамдық қабылдау барысында тұтынушылардан үш сұрақ келіп түсті, оларға Комитет мамандары толыққанды жауап берді.
Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттелетін салалардағы маңызды өзгерістер туралы халықты уақытылы хабардар ету, ашықтықты арттыру және кері байланысты нығайту мақсатында ашық қоғамдық қабылдауларды өткізуді жалғастыратын болады.