«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ-ның Қызылорда өндірістік филиалына табиғи монополиялар туралы заңнаманы бұзғаны үшін қосымша 18,3 млн теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылды. Бұған дейін аталған филиалға 61,3 млн теңге көлемінде айыппұл салынған болатын. Осылайша, жалпы әкімшілік айыппұл сомасы 79,6 млн теңгені құрады.
Бұған дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті тарапынан филиал қызметінде анықталған заңбұзушылықтар туралы ақпарат жарияланған еді. Атап айтқанда, реттеліп көрсетілетін қызметтерге қосылуға техникалық шарттар беру кезінде филиал тұтынушылардан заңнамада көзделмеген қосымша талаптар қойып, құжаттар талап еткен. Бұл әрекеттер тұтынушылардың құқықтарын және заң нормаларын бұзу ретінде танылды.
Қызылорда облысы бойынша Комитет департаменті мен филиал арасындағы сот процестері аяқталғаннан кейін, филиалдың кінәсі толық көлемде дәлелденді. Әкімшілік айыппұлдар толық көлемде төленіп, мемлекет бюджетін толықтырды.