2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің аумақтық бөлімшелері еліміз бойынша табиғи монополия субъектілеріне қатысты 94 әкімшілік іс қозғады. Бұған себеп — бекітілген тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөніндегі есептерді ұсынбау.
Аталған істерді қарау нәтижесінде жалпы сомасы 56,9 млн теңге көлемінде айыппұл салынды, оның 31,3 млн теңгеден астамы өндірілді.
Заңнамаға сәйкес, табиғи монополия субъектілері жыл сайын 1 мамырдан кешіктірмей алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша уәкілетті органға есептерді электрондық форматта тапсыруы тиіс. Сондай-ақ, бұл есептер өзге мемлекеттік органдарға немесе жергілікті атқарушы органдарға да жолданады.
Бұл норманы орындамау әкімшілік құқық бұзушылық ретінде бағаланады (ҚР ӘҚБтК 25-бабының 1-бөлігі), ол үшін айыппұл түріндегі жауапкершілік көзделген. Жаза тек жауапкершілікке тартуға ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушыны заңды сақтау рухында тәрбиелеуге және қайталап бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған (ҚР ӘҚБтК 40-бабының 2-бөлігі).
Бұл шаралар — табиғи монополиялар саласындағы ашықтық пен есептілікті арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Сонымен қатар, олар инвестициялық тәртіпті сақтау мен тұтынушылардың мүдделерін қорғауға ықпал етеді.