Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің ұжымына жаңа төраға – Тимур Ернатұлы Қосымбаевты таныстырды.
Асан Дарбаев Тимур Қосымбаевтың экономика, стратегиялық жоспарлау және басқару саласында айтарлықтай тәжірибесі бар екенін, сондай-ақ табиғи монополиялар саласындағы қызметпен терең таныс екенін атап өтті:
«Бұл сала жоғары жауапкершілікті талап етеді және елдің экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Сіздің кәсіби біліктілігіңіз, тәжірибеңіз және көшбасшылық қасиеттеріңіз табиғи монополияларды реттеу жүйесін тиімділіктің жаңа деңгейіне шығаруға көмектесетініне сенімдіміз», - деп атап өтті вице-министр.
Қосымбаев Тимур 1989 жылы туған. 2011 жылы Қазақстан менеджмент, Экономика және болжау институтын (КИМЭП) «Қаржы» мамандығы бойынша бітірген. 2016 жылы Лестер университетінде (Ұлыбритания) «Болашақ» халықаралық стипендиясы бағдарламасы бойынша оқуын аяқтап, бухгалтерлік есеп және қаржы саласында магистр дәрежесін алды.
Кәсіби мансабын 2011 жылы республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінде бастады, онда 2019 жылға дейін әртүрлі жауапты лауазымдарда жұмыс істеді.
2019 жылы ұлттық іріктеу қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне қосылды.
2019 жылғы қазаннан 2022 жылғы сәуірге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасында Қаржы-экономикалық бөлімнің бюджеттік қаржыландыру секторының меңгерушісі қызметін атқарды.
2022 жылғы сәуірден 2025 жылғы мамырға дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары лауазымында жұмыс істеді, онда тарифтік саясатты іске асыру, коммуналдық инфрақұрылымды реформалау, сондай-ақ табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру мәселелеріне жетекшілік етті.