Меню
Страницы
Құжаттар
Комитет туралы
Қызметі
Байланыс ақпарат
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
17 декабря 2024
КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРДІ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ: МОНОПОЛИСТЕРГЕ 418 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ

Табиғи монополиялар субъектілері (ТМС) көрсететін коммуналдық қызмет саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау әділдікті, осы қызметтердің сапасы мен азаматтар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін өте маңызды. Бұл процесс бұзушылықтар мен жосықсыз әрекеттерге қарсы күресті қамтиды және қазақстандықтардың мүдделері, әсіресе коммуналдық игіліктер сияқты әлеуметтік тұрғыдан өзекті мәселелердің әрқашан назарда болуын қамтамасыз етеді.

ТМС жұмысын реттейтін және бақылайтын, сондай-ақ коммуналдық қызмет саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын орган — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ТМРК) және оның жергілікті бөлімшелері. ҚР ҰЭМ ТМРК жұмысы жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізуді қамтиды.

2024 жылы сегіз ай ішінде ҚР ҰЭМ ТМРК және оның бөлімшелері ТМС-ға қатысты тексеру орнына бару арқылы 11 жоспарлы тексеру, сондай-ақ 145 жоспардан тыс тексеру жүргізді (бір жыл бұрынғымен салыстырғанда 20,8%-ға көп), нәтижесінде 109 бұзушылық анықталды (38% қосылды).

Бақылау аясында ҚР ҰЭМ ТМРК бұзушылықтарды жою туралы 109 ұйғарым шығарды (бір жыл ішінде 62,7% қосылды), олардың 64-і орындалды, ал қалғандары шағым келтіру сатысында тұр.

ТМС-ға қатысты 180 әкімшілік іс қозғалып, салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 418,3 млн теңгені құраған, оның ішінде 153,3 млн теңге мемлекет кірісіне өндіріп алынған.

Мәлімет үшін: 2023 жылы осыған ұқсас кезеңде жоспардан тыс тексерулердің саны 120 болған, 79 заң бұзушылық анықталып, 67 ұйғарым шығарылған, оның 44-і орындалған.

Естеріңізге сала кетейік: азаматтар жеке есептеу аспаптары, электрмен, сумен, жылумен және газбен жабдықтау тарифтері, коммуналдық қызметтерге белгіленген сараланған тарифтер, келісімшарттар жасасу және техникалық шарттар беру және басқа да мәселелер бойынша ҚР ҰЭМ ТМРК-ға жүгінеді.

ҚР ҰЭМ ТМРК бақылауымен барлық процестердің автоматтандырылуы және цифрландырылуы жайлы бұған дейін де жазғанымызды айта кеткен жөн, осы мәселедегі тәсілдер де цифрландырылып, жаңартылған. Мәселен, биыл мемлекеттік бақылау және қадағалау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін табиғи монополиялар саласындағы автоматтандырылған тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) енгізілді. ТБЖ ары қарай бақылау үшін ТМС-ны тәуекел деңгейлері бойынша жіктеу арқылы қолайсыз жағдайлардың туындау ықтималдығын төмендетеді.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ТБЖ адамның қатысуынсыз тексеру тағайындауды жүзеге асырып жатыр. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың маусым айында «Монополист» базасы Smart Data Ukimet (SDU) ақпараттық-талдау жүйесімен интеграцияланды (бұл туралы да жазғанбыз). Профилактикалық бақылауға арналған тізімдерді құру кезінде SDU интеграцияланған ақпараттық жүйелерден табиғи монополиялар туралы заңнама талаптарының орындалмағаны туралы деректерді автоматты түрде жинайды. Ары қарай ТМС тәуекел санаттары бойынша бөлінеді, содан кейін олар алдағы уақытта жүргізілетін бақылау туралы хабарламаларды алады.

Процестерді осылайша автоматтандыру монополистерге неғұрлым толық және дербестендірілген бақылау жүргізуге және тұтынушылардың құқықтарын уақтылы қорғауға кепілдік береді.


Дереккөз: https://ranking.kz/kz/sholu/kogam/kommunaldyk-kyzmetterdi-tutynushylardyn-kukyktaryn-korgau-monopolisterge-418-million-tenge-ayyppul-salyndy.html 

 

 

12 декабря 2024
Өзекті мәселе: Қазақстанда электр энергиясының тарифі қалай құралады?

ҚР халқы үшін электр энергиясының құны неден құралады? Энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тариф құрылымы қандай екенін қарастырайық.

Алдымен бүгінгі таңда Қазақстанда бағаны мемлекеттік реттеу энергиямен жабдықтау қызметін көрсететін 34 кәсіпорынға қолданылатынын түсіндіре кетейік.

Осы реттелетін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифі үш негізгі компоненттен тұрады:

• 61% — Бірыңғай сатып алушыдан қуат пен электр энергиясын сатып алуға жұмсалатын шығындар;

• 34% — электр энергиясын беру тарифтері;

• 5% — жабдықтау үстемеақысы.

Бірыңғай сатып алушы дегеніміз кім? Әңгіме ҚР Энергетика министрлігінің «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС жайлы болып отыр. Оның қызметі тиісті заңмен реттеледі.

Тарифтерге және халық үшін оларды тежеу жүйесіне оралайық. Қазақстандықтарға түсетін қаржылық жүктемені азайту үшін халық үшін тарифтер өзіндік құннан (шекті бағадан) төмен мөлшерде белгіленеді. Бұған бағаның өсуіне байланысты негізгі жүктемені заңды тұлғалар мен бюджеттік ұйымдарға қайта бөлу есебінен қол жеткізіледі.

Тағы бір маңызды жайтты атап өтейік: «Электр энергетикасы туралы» Заңға сәйкес тұтынушылар электр энергиясын сараланған тарифтер бойынша төлеуге құқылы. Яғни, тұтынушылардың әр тобы үшін тарифтер олардың тұтыну ерекшеліктерін ескере отырып есептеледі. Бұл энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тұтынушының санатына қарай бөлшек сату бағасын белгілеуге мүмкіндік береді, бұл шығынды неғұрлым әділетті бөлуге ықпал етеді.

Баға Қоғамдық маңызы бар нарықтарда баға белгілеу қағидаларының негізінде есептеледі.

Жалпы алғанда, Қазақстан дәстүрлі түрде электр энергиясының бағасы төмен елдер когортасына кіреді, ал халық үшін тарифтерді саралау бұл көріністі тіптен жақсартады.

Мәселен, Global Petrol Prices мәліметтері бойынша, мониторинг жүргізілетін 147 елдің ішінде ҚР 1 кВт∙сағ үшін 0,046 АҚШ долларын құрайтын электр энергиясының құнымен 24-ші орында тұр. Бұл тұрғыдан үздік 30 елдің қатарына сонымен қатар көршілеріміз — Өзбекстан (0,023 АҚШ доллары), Әзірбайжан (0,047 АҚШ доллары) және Ресей (1 кВт∙сағ үшін 0,051 АҚШ доллары) кіріп отыр.

Ал ТМД-ның басқа (оның ішінде бұрынғы) елдерінде жағдай айтарлықтай нашар. Мысалы, Беларусьте халық үшін электр энергиясының құны 1 кВт∙сағ үшін 0,075 АҚШ долларын, Арменияда — тіпті 0,109 АҚШ долларын, Молдовада — 0,131 АҚШ долларын құрайды.

Сарапшылар зерттеген мемлекеттер бойынша орташа баға 1 кВт∙сағ үшін 0,152 АҚШ долларын құрады. Яғни, қазақстандықтар электр энергиясы үшін дүние жүзіндегі орташа көрсеткіштен 3,5 еседей аз төлейді.

Электр энергиясы үшін ең жоғарғы баға Италияда (1 кВт∙сағ үшін 0,431 АҚШ доллары), Кайман аралдарында (0,433 АҚШ доллары) және Бермуд аралдарында (0,458 АҚШ доллары) тіркелді. Толығырақ инфографикада келтірілген.

 

03 декабря 2024
ТМРК коммуналдық қызметтердің өзекті мәселелерін талқылады

Бүгін, 2024 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызметтерді тұтынушылар үшін қоғамдық қабылдау өткізді. Осындай қабылдауларды ведомствоның аумақтық департаменттері ұйымдастырды.

Қоғамдық қабылдаулар дәстүрлі түрде Facebook арқылы онлайн режимінде таратылды, бұл әркімге қосылуға және өз сұрақтарына жедел жауап алуға мүмкіндік берді.

Қоғамдық қабылдау Комитет төрағасының орынбасары Нұрлан Булатбаевтың төрағалығымен және салалық басқармалар өкілдерінің қатысуымен өтті. Іс-шара барысында Комитет қызметкерлері электр энергиясы нарығындағы ахуал, тауарлық газға бөлшек сауда бағасы, сондай-ақ бәсекелес кірме жол болмаған кезде уәкілетті органның қарауындағы сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және кірме жолдар салаларындағы өтінімдер туралы хабарлады.

Қоғамдық қабылдау барысында тұтынушылардан 6 сұрақ қаралды, оларға толық жауаптар берілді.

03 декабря 2024
Тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегі рекордтық деңгейге жетті

Тұрғын үй көмегін алу үшін қайда жүгінуге болады?

Қазақстанда көптеген жылдар бойы халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған тұрғын үй көмегі жүйесі жұмыс істеп жатыр. Қаржылық қолдаудың бұл шарасы аз қамтылған азаматтардың отбасылық бюджетіне ауыртпалықты азайтуға, тұрғын үйді күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтердің ақысын төлеуге байланысты шығындардың бір бөлігін жабуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызмет қызмет алушының тұрақты тіркелген жері бойынша көрсетіледі. Тұрғын үй көмегін алуға өтінішті, егер тіркелген жері бойынша бұл қарастырылған болса, e-Gov порталы арқылы немесе «„Азаматтарға арналған үкімет“ мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-та офлайн беруге болады, бұл қызметтің ыңғайлылығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етеді.

Тұрғын үй көмегі деген не және оны кім ала алатыны туралы толығырақ айтып берейік. Тұрғын үй көмегі — бұл жергілікті бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін мемлекеттік қолдау. Тұрғын үй көмегіне қатысты барлық мәселе «Тұрғын үй көмегін беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрықпен реттеледі.

Мемлекеттік тұрғын үй көмегі өзінің жалғыз баспанасында тұратын және тұрақты тіркелген қазақстандықтарға қолжетімді.
Сондай-ақ көмекті:
• мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды жалдаушылар;
• жеке сектордан жергілікті билік органдары берген тұрғынжайды жалдаушылар ала алады.

Тұрғын үй көмегі нені қамтиды? Оған мына өтемақылар кіреді:
• үйді күтіп ұстау шығындары (мысалы, көпқабатты үйдің ортақ бөліктерін басқару және жөндеу);
• коммуналдық қызметтерді төлеу (жылумен, газбен, электрмен, сумен жабдықтау) және телефон үшін абоненттік төлемнің өсуі;
• мемлекеттік немесе жалданатын тұрғын үйді жалдау ақысы.

Тұрғын үй көмегінің мөлшері қалай есептеледі? Көмектің сомасы осы қажеттіліктерге жұмсалатын нақты шығындар мен жергілікті билік белгілеген шекті мән арасындағы айырма ретінде анықталады (алайда, жоғарыда аталған заңға сай отбасы табысының 10%-нан аспайды). Яғни, егер шығындар осы шектен асып кетсе, мемлекет айырмасын өтейді. Сонымен қатар, жергілікті билік органдары жол берілген шығындардың неғұрлым төмен деңгейін белгілей алады. Бұл шешім қосымша қаржылық қиындықтарға тап болған отбасыларға өтемақы мөлшерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Мына тұсы өте маңызды: бұрын шекті жол берілген шегі отбасының орташа айлық табысының 20%-нан аспайтын. Бұл деңгейді 10%-ға дейін төмендету тұрғын үй көмегінің көлемін ұлғайтуға және оның қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берген маңызды қадам болды, бұл халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдауға оң әсерін тигізді. Біз мұны кейінірек цифрлармен көрсетеміз.

Тұрғын үй көмегінің тетігі іс жүзінде коммуналдық қызметтердің тарифтерінің өсуіне бейімделген. Шығындар өскен жағдайда тиісті өтемақылар көбейтіледі, бұл халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарынан шыққан отбасылар үшін шығындардың тұрақты деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.

Нақтырақ көрсету үшін инфографикада Қазақстан халқы үшін тұрғын үй көмегін есептеуге мысал келтіреміз.

2023 жылы тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегінің орташа мөлшері рекордтық 16,3 мың теңгеге жетті — бұл өткен жылмен салыстырғанда бірден 4,6 есе көп. Бұл біз жоғарыда жазған шекті деңгейдің төмендеуіне байланысты. Осылайша, мұндай төмендеу мұқтаж отбасылардың түсімін арттырғаны анық.

Тұрғын үй көмегінің ең көп мөлшері Ұлытау (18,6 мың теңге), Түркістан (10,2 мың теңге) және Жетісу (9,5 мың теңге) облыстарында белгіленді. Тағайындалған мемлекеттік тұрғын үй көмегі сомасының ең елеулі жылдық өсімі Ұлытау (5,1 есе), Қостанай (3,5 есе), Жетісу (2,1 есе) және Түркістан (шамамен 2 есе) облыстарында тіркелді.

Дегенмен, тұрғын үй көмегі тағайындалған отбасылардың саны бірден 28,1%-ға, 20,3 мыңға дейін азайды. Ең елеулі қысқару (бір жылда 70%-80%-ға) Қостанай, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалды. Тұрғын үй көмегін алатын отбасылар санының өсуі еліміздің 20 өңірінің 4-еуінде байқалды, ал ең көбі Шымкентте (28,5%-ға, 248 отбасына дейін) және Астанада (26,6%-ға, 672 отбасына дейін) болды.

Мұндай отбасылардың көпшілігі Жамбыл және Қызылорда облыстарында (3,1 мыңнан), сондай-ақ Қарағанды облысында (2,1 мың) тұрады. Мемлекеттік тұрғын үй көмегін алған 1 мыңнан астам отбасы Алматы, Жетісу, Павлодар және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында тұрады.

Соңында мемлекеттік тұрғын үй көмегін алу тетігін қысқаша түсіндіріп өтейік.

Қызметті онлайн алу үшін:
• авторлану және қызметтің парақшасына өту;
• «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басу;
• өтінімді толтыру;
• растайтын құжатты қоса тіркеу;
• банктік шотты растау;
• өтінімге ЭЦҚ-мен (электрондық цифрлық қолтаңбамен) қол қою;
• жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін өтінімді өңдеу туралы хабарламамен танысу қажет.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-да қызмет алу үшін келесі құжаттарды жинау қажет:
• өтініш;
• жеке басты куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжат (жеке басты сәйкестендіру үшін);
• отбасының табысын растайтын құжаттар (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді қоспағанда);
• жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама (тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын ақпаратты қоспағанда);
• балаларға және асырауындағы басқа да адамдарға алименттер туралы мәліметтер;
• банктік шот;
• тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шоттар мен ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы мәліметтер;
• коммуналдық қызметтерді тұтынуға арналған шоттар;
• телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек-шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған келісімшарттың көшірмесі;
• жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган ұсынған жалдау ақысының мөлшері туралы шот.

Дереккөз: https://finprom.kz/ru/article/taajyndal-memlekettik-tryn-j-kmegi-rekordty-degejge-zhetti 

22 ноября 2024
Монополистер қазақстандықтарға жылу энергиясы үшін 768 миллион теңгеден астам қаражат қайтарады

Қайтарылатын қаражат ағымдағы жылыту маусымындағы жеке шоттарда көрсетіледі

Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасының нормаларына сәйкес табиғи монополия субъектісі (ТМС) сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызметтің құнын тікелей тұтынушыларға қайта есептеуге міндетті, ал тұтынушының тұрған жерін анықтау мүмкін болмаған жағдайда, жылу ақысын жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет ақысын төлеген кезде тарифті төмендету жолымен қайта есептейді.

Осылайша, жылумен жабдықтау саласында қызмет көрсететін ТМС есептеу құралдары жоқ тұтынушыларға 2023/2024 жылдарда жылу энергиясы үшін төленген төлемақыны қосымша құн салығын ескере отырып, жалпы сомасы 768,2 млн теңге мөлшерінде қайтарды.

Ең көп қайтарылған сома (бірден 354,5 млн теңге) ШҚО-да тіркелді. Содан соң Алматы (95,4 млн теңге) және Маңғыстау облысы (60,9 млн теңге) тұр. Қызылорда (38,6 млн теңге), Ақтөбе (37,7 млн теңге), Ақмола (33,5 млн теңге) және Қостанай (32 млн теңге) облыстарында да қомақты қаражат қайтарылды.

Ал Ұлытау және Қарағанды облыстарының тұтынушылары үшін өзге тәсіл қолданылады, себебі жылу энергиясымен қамтамасыз ету бойынша қалыпты түрде көрсетілетін қызмет құны сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп есептеледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті (ҚР ҰЭМ ТМРК) және оның аумақтық бөлімшелері бүкіл Қазақстан бойынша жылу энергиясын есептеу құралдары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау қызметтерінің құнын қайта есептеді.

Артық төлем деңгейі ай сайын түбіртек бойынша жүргізілетін төлемді ескергенде, жинақтаушы қасиетке ие және де қаражат Қазгидромет деректерінің негізінде жасалған қайта есептеудің нәтижесінде ғана жаңа жылыту кезеңінде (2024/2025 жылдар) немесе ағымдағы күнтізбелік жылда (2024 жылдың соңына дейін) аванс (сальдо — артық төлемді шегергенде) түрінде тұтынушылардың дербес шоттарына қайтарылады.

Айта кетерлігі, жылу энергиясын есепке алу құралдарын орнату нақты тұтынылған жылу энергиясының көлемін ғана төлеуге мүмкіндік береді, солайша, жылыту маусымында артық төлемге жол бермейсіз.

Бүгінде елімізде көппәтерлі тұрғын үйлерді есептеу құралдарымен жабдықтау деңгейі шамамен 75%-ды құрайды.

Қажет болған жағдайда, қазақстандықтар — ТМС қызметтерін пайдаланушылар барлық мәселелер жөнінде, ақпарат алу мақсатында, сондай-ақ өз құқықтарын қорғау үшін ҚР ҰЭМ ТМРК-ға және оның өңірдегі бөлімшелеріне жүгіне алады.

Дереккөз: https://finprom.kz/ru/article/monopolister-azastandytar-zhylu-energiyasy-shin-768-million-tegeden-astam-ar 

20 ноября 2024
ҚР-да суық судың жеке есептеуіштерімен жарақтандыру 85%-дан асты. Алайда, 100% көрсеткішке бір ғана аймақ қол жеткізді

Орталық Азия, атап айтқанда, Қазақстан су ресурстарының елеулі проблемаларымен бетпе-бет келуде. Еуразиялық даму банкінің есебіндегі деректер бойынша климаттық өзгерістерге, суға қажеттіліктің артуына және өзендерден келетін ағынның қысқаруына байланысты 2028 жылға қарай өңірде 5–12 текше км көлемінде су тапшылығы күтілуде.

Негізінде бұл бүкіләлемдік проблема. WWF зерттеуі тұщы су экожүйелерінің бұзылуы су ресурстарын тиімсіз басқарумен бірге бүкіл әлемде миллиардтаған адамның таза су мен санитарияға қол жеткізе алмай отыруына әкелгенін көрсетті. Оның үстіне, кәсіпорындар мен экономикалар үшін суға байланысты тәуекелдер өсіп жатыр. 2050 жылға қарай су жетіспеушілігінің тәуекелі жоғары аудандарына, бүгінгі 10%-бен салыстырғанда, әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 46% келуі мүмкін. Қазақстан мен ОА осы тәуекелі жоғары өңірлерге кіреді.

ҚР-да су ресурстарын пайдалануды бақылау мен оңтайландырудың түрлі шаралары қабылдануда. Атап айтқанда, басты мәселелердің бірі — міндетті түрде суды есепке алу аспаптарын (ЕА) орнату және бақылау. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда ЕА орнату міндеттілігі «Табиғи монополиялар туралы» Заңмен реттеледі.

Суды есепке алу аспаптарын орнату және оларды бақылау тетігі:

• Сатып алу және орнату. Монополия субъектісі ол үшін ақы ала отырып, тұтынушылар үшін ЕА сатып алуға және орнатуға міндетті. Тұтынушы қондырғыға уақытылы ақы төлеуге және мамандардың кіруін қамтамасыз етуге тиіс.

• Өздігінен орнату. Егер құрылғы сумен жабдықтау және су бұру жүйелеріндегі суды есепке алу аспаптарын таңдау, монтаждау және пайдалану қағидаларына сәйкес келсе, тұтынушы ЕА-ны өз бетінше орната алады.

• Пломбалау. ЕА орнатылғаннан кейін тұтынушы сумен жабдықтау ұйымы немесе оның сайты арқылы оны пломбалауға өтінім беруі тиіс.

• Төлемақы есептеу. Пломбалаудан кейін ЕА деректері сумен жабдықтау төлемақысын есептеу үшін биллингтік жүйеге енгізіледі. Пайдаланушы белгіленген тарифтер бойынша қызмет ақысын төлеуге міндетті.

Жалпы алғанда, ҚР-да суық суды есепке алу аспаптарымен жарақтандыру деңгейі жаман емес, алайда кейбір өңірлерде кемшіліктер байқалады. Мысалы, Қазақстан бойынша үйге ортақ есепке алу аспаптарымен (ОЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 67,8%-ды, ал жеке есепке алу аспаптарымен (ЖЕА) жарақтандырудың орташа деңгейі 85,4%-ды құрайды.

ОЕА-мен жарақтандырудың ең жақсы көрсеткіштері Алматы, Шымкент және Батыс Қазақстан облысында байқалады: бірден 100%. Елордадағы көрсеткіш те өте жақсы: 99,7%. Ал, Қостанай облысында жарақтандыру бар болғаны 5,2%-ды, Атырау облысында — 8,3%-ды, Солтүстік Қазақстан облысында — 12,1%-ды құрайды.

ЖЕА-ге келетін болсақ, бұл жердегі жағдай жақсырақ. 90%-дан астам көрсеткіш бірден ҚР 20 өңірінің 13-інде тіркелген. Алайда 100% жарақтандыру деңгейі Маңғыстау облысында ғана байқалады. Толығырақ кестелерде көрсетілген.

Егер тұрғындарда жеке есепке алу аспаптары бар болса, үйге ортақ суды есепке алу аспаптарының қажеті қанша? Бұл жерде ОЕА мен ЖЕА түрлі функцияларды атқаратынын және бір-бірін толықтыратынын түсіну маңызды.

ЖЕА орнатылған болса да, ОЕА-ның маңызды болуының себептері туралы толығырақ инфографикада түсіндіреміз. Қорытындылай келе, үйге ортақ есептеуіштер ресурстардың жұмсалуын жақсырақ бақылауға, шығындарды бөлуге және есептеулердің әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал жеке су есептеуіштерін орнатудың маңыздылығы, әсіресе коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормаларына сүйенетін болсақ, барлығына бұрыннан белгілі, біз бұл туралы егжей-тегжейлі жазған болатынбыз.

Дереккөз: https://energyprom.kz/kk/articles/qr-da-suyq-sudyng-zheke-esepteuishterimen-zharaqtandyru-85-dan-asty-alajda-100-koersetkishke-bir-ghana-ajmaq-qol-zhetkizdi/ 

07 ноября 2024
"Аз тұтынасыз-аз төлейсіз": коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормалары қалай жұмыс істейді?

Коммуналдық қызметтерді тұтыну мәдениетін қалыптастырамыз

Қазақстанда коммуналдық қызметтерді тұтынудың әлеуметтік нормалары бекітілді. Енді еліміздің тұрғындары коммуналдық қызметтерді кім және қанша тұтынатынына байланысты әртүрлі төлейді.

Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл халыққа жолдауында былай деді: «Жыл соңына дейін энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту жөнінде ұлттық жобаны бекіту қажет. Коммуналдық ресурстарды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Келесі жылдан бастап „көп тұтынсаң — көп төлейсің“ қағидатын басшылыққа алып, тұтынудың нақты нормаларын енгізу қажет».

Коммуналдық ресурстарды үнемді тұтыну мәдениетін арттыру және болашақ ұрпақтың тұрмыс жағдайын қамтамасыз ету әлеуметтік нормаларды енгізудің негізгі мақсаттары болып табылады. Қазақстанда коммуналдық қызметтердің төмен тарифтерін ескергенде, энергия мен суды тұтынудың деңгейі әртүрлі. Артық көлемде тұтыну — бұл ресурстарды ысырап ету.

Әлеуметтік нормаларға толығырақ тоқталайық. Сумен жабдықтау саласында тұтыну лимитіне байланысты төрт деңгейлі тарифті қолдану көзделген, мұнда экономикалық шығындар былайша бөлінген:

• айына 3 текше метрге дейін тұтынатын бірінші топ, халыққа арналған тариф деңгейінде;
• айына 3-тен 5 текше метрге дейін тұтынатын екінші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 20% қосылады;
• айына 5-тен 10 текше метрге дейін тұтынатын үшінші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 50% қосылады;
• айына 10 текше метрден көп тұтынатын және есептеу құралдары жоқ төртінші топ, халыққа арналған тариф деңгейіне 100% қосылады.

Жылумен жабдықтау саласында тарифтерді саралау тұрғын үй алаңының бір абонентке шаққандағы шамасы бойынша жүзеге асырылады:

• 100 ш. м дейін — бекітілген тариф қолданылады;
• 100-ден 200 ш. м дейін — тариф бекітілген тарифтен 10%-ға көп;
• 200 ш. м-дан көп — орташа тариф қолданылады.

Айта кетерлігі, табиғи монополиялар субъектілері қосымша алған табыс ТКШ саласындағы басым міндеттерді шешуге, оның ішінде реттеліп көрсетілетін қызмет бойынша жабдықтар мен желілерді жаңартуға, қайта құрылымдауға, сондай-ақ негізгі құралдарды (жабдықтарды) сатып алуға бағытталатын болады. Яғни, қаражат ұсынылатын коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға жұмсалады.

Әрине, тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу үшін бөлінетін қосымша қаражатты мақсаты бойынша пайдалану қатаң бақыланады.

Бұл тұрғыда коммуналдық қызметті ақылға қонымды тұтыну туралы ойлану қажет әрі бұл мәселеге барынша жауапкершілікпен қарау керек. Әлеуметтік нормалардың енгізілгенін ескерсек, бұл мәселе бұрынғыдан да өзекті бола түсті.

Төменде берілген ақпараттық кестеде жылу мен суды ұқыпты әрі үнемдеп тұтыну жөнінде ұсыныстар көрсетілген.

Дереккөз: https://finprom.kz/ru/article/kommunaldy-yzmetterdi-ttynudy-leumettik-normalary-turaly 

 

 

06 ноября 2024
Қостанай облысында бизнес пен бюджет үшін электр энергиясының бағасы айтарлықтай төмендеді

2024 жылғы 1 сәуірден бастап ҚР ҰЭМ ТМРК аумақтық департаменттері реттелмейтін электрмен жабдықтаушы ұйымдардың лицензияларының қолданылуын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдады. Бұл ретте «Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС қоса алғанда, реттелетін электрмен жабдықтаушы ұйымдар үшін бағаларды табиғи монополиялар саласындағы уәкілетті орган белгілейді.

«Костанайский ЭнергоЦентр ЖШС Қостанай облысының көптеген тұтынушылары үшін электр энергиясын өткізу жөніндегі қоғамдық маңызы бар нарықтың субъектісі болып табылады. Реттеу тұтынушылардың әрбір санаты (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, бюджеттік ұйымдар) үшін шекті тарифтерді белгілеу және тарифтерді саралау арқылы жүзеге асырылады.

ҚР Үкіметі қабылдаған шаралардың нәтижесінде «Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС электр энергиясын өткізу көлемі айтарлықтай өсті. Егер бұрын бекітілген құрылымда іске асыру көлемі бір жылға шамамен 650 млн. кВт сағ құраса, онда 2024 жылдың соңына болжам бойынша іске асыру көлемі 920 млн.кВт сағ құрайды, бұл 41,5% - ға өсуге сәйкес келеді.

Осылайша, Қостанай облысындағы барлық реттелмейтін электрмен жабдықтаушы ұйымдардың қызметін тоқтата тұру қосымша өткізу көлемдерінің ағыны есебінен электрмен жабдықтаудың өзіндік құнын төмендетуге ықпал етті.

Осылай, ағымдағы жылдың шілде айында департамент Қостанай облысында заңды тұлғалар үшін тарифті 6% - ға, ал 2024 жылғы 1 қазанда тағы 15% - ға төмендетті. Нәтижесінде заңды тұлғалар үшін тарифтің жалпы төмендеуі 20% - дан асты.

Айта кету керек, «Костанайский ЭнергоЦентр» ЖШС бастапқыда Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментіне электрмен жабдықтау қызметтерінің бағасын 31,29 теңге/кВтсағ-тан 34,34 теңге/кВтсағ-қа дейін көтеру туралы хабарлама жіберді, бұл 9,8% - ға ұлғаюды көздейді. Бұл өсімнің себебі ұйым 2024 жылдың соңына дейін тұтынушылардан жинауды жоспарлап отырған 1,2 млрд. теңгеден астам көлемде алынбаған табысты есепке алу қажеттігін көрсетті.

Осыған қарамастан, жүргізілген сараптама нәтижелері бойынша ұсынылатын қызметтер көлемінің өсуі есебінен энергиямен жабдықтаушы ұйымның 1,4 млрд. теңге мөлшерінде қосымша пайда алғаны анықталды.

Осылай, субъектінің жобаланатын орташа бағасы негізделген баға деңгейіне дейін төмендетілді - 29,14 теңге/кВтсағ (ҚҚС-сыз), бұл бұрын қолданыста болған бағадан 7% - ға аз. Заңды тұлғалар үшін тариф ҚҚС - сыз кВт сағ үшін 29,14 теңгені (15% - ға төмендету), ал бюджеттік ұйымдар үшін ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 67,34 теңгені (14% - ға төмендету) құрайды.

Төмендетілген тарифтер 2024 жылдың 1 қазанынан бастап күшіне енді.

05 ноября 2024
Комитет онлайн форматта қоғамдық қабылдау өткізді

Бүгін, 2024 жылғы 5 қарашада ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті коммуналдық қызметтердің тұтынушылары үшін қоғамдық қабылдау өткізді.

Осындай қабылдауларды ведомствоның аумақтық департаменттері ұйымдастырды.

Қоғамдық қабылдаулар дәстүрлі түрде Facebook арқылы онлайн режимінде таратылды, бұл әркімге қосылуға және өз сұрақтарына жедел жауап алуға мүмкіндік берді.

Қоғамдық қабылдау ведомство төрағасының орынбасары Тимур Қосымбаевтың төрағалығымен және салалық басқармалар өкілдерінің қатысуымен өтті.

Қоғамдық қабылдау барысында ТМРК қызметкерлері электр энергиясы нарығындағы ахуал және тауарлық газға бөлшек сауда бағалары туралы, сондай-ақ уәкілетті органның қарауында сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және бәсекелестік кірме жол болмаған кезде кірме жолдар салаларындағы өтінімдер туралы хабарлады.

Сонымен қатар, Астана қаласында электр энергиясын бөлшек саудада өткізу бойынша қызметтерге бағаның ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 25,98 теңгеге дейін төмендеуі туралы ақпарат айтылды. Атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін тариф ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 27,67 теңгені құрайды, бұл 12% — ға төмендеуге сәйкес келеді, ал бюджеттік ұйымдар үшін ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 53,06 теңге, бұл 28% - ға төмендеуді құрайды.

Қоғамдық қабылдау барысында тұтынушылардан 12 сұрақ қаралды, оларға толық жауаптар берілді.

04 ноября 2024
Елордада бизнес үшін электр энергиясына тарифтердің төмендеуі жалғасуда

«Астанаэнергосбыт» ЖШС-ның Астана қаласының тұтынушылары үшін электр энергиясын өткізу жөніндегі қоғамдық маңызы бар нарықтың реттелетін субъектісі болып табылады. Реттеу тұтынушылардың әрбір санаты (жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, бюджеттік ұйымдар) үшін шекті тарифтерді белгілеу және тарифтерді саралау арқылы жүзеге асырылады.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Астана қаласы бойынша департаментіне электр энергиясын бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызметтердің бағасын ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 25,98 теңгеге дейін төмендету туралы хабарлама берді. Атап айтқанда, заңды тұлғалар үшін тариф ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 27,67 теңгені құрайды, бұл 12% - ға төмендеуге сәйкес келеді, ал бюджеттік ұйымдар үшін ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 53,06 теңге, бұл 28% - ға төмендеуді құрайды. Төмендетілген тарифтер 2024 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енеді.

Тарифті төмендету үшін тұтынушылардың (қаланың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының) реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясының кепілдік беретін жеткізушісі — «Астанаэнергосбыт» ЖШС-не ауысуы негіз болды. Бұл кепілдік беруші жеткізушінің көрсетілетін қызметтер көлемінің ұлғаюына әсер етті, бұл өз кезегінде тарифтің төмендеуіне ықпал етті.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың маусым айында елордада заңды тұлғалар үшін тариф 18% - ға төмендетілді, қазіргі уақытта тарифтің жалпы төмендеуі 30% - құрайды.

Осылай, 2024 жылғы 1 қарашадан бастап бизнес үшін тариф ҚҚС-сыз кВтсағ үшін 27,67 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерін ҚР Энергетика министрлігі бекітетінін атап өткен жөн. ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен кепілдік беруші жеткізушілер болып табылатын электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілері арасында атаулы қолдау алушылардың тізімі бекітілді.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС атаулы қолдау алатын электр энергиясының кепілдік беруші жеткізушісі болып табылады, ол үшін бірыңғай жеткізушіден электр энергиясын сатып алуға жеке бағалар қолданылады.

Осылайша, жыл соңына дейін елордада жеке тұлғалар (халық) үшін электр энергиясына тарифтің өсуі күтілмейді.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы