
2025 жылғы 28 қарашада Ыстанбұлда (Түркия) «Жібек жолы мен Орталық Азияның жекелеген елдерінде көші-қонды басқаруды жақсарту және мигранттарды қорғау» PROTECT жобасының Консультативтік кеңесінің 3-ші отырысы өтті. Іс-шараны Еуропалық комиссияның, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және жобаға қатысушы мемлекеттердің қатысуымен Көші-қон саясатын дамыту жөніндегі халықаралық орталық (ICMPD) ұйымдастырды.
Отырыста Қазақстан Республикасының өкілі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Шонов болды, ол презентациямен сөз сөйледі және елдің еңбек көші-қонын басқару саласындағы негізгі басымдықтарын, сондай-ақ PROTECT жобасы шеңберіндегі одан әрі ынтымақтастықтың пайымын белгіледі.
Комитет төрағасы өз сөзінде Еңбек көші-қонының қауіпсіз және реттелген тетіктерінің, сондай-ақ мигранттарды қорғау жөніндегі практикалық шараларды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның PROTECT жобасына қатысуы ұлттық әлеуетті нығайтуға, кәсіби құзыреттерді дамытуға және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
Отырыс шеңберінде Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Тәжікстан, Өзбекстан және Ирак өкілдері өзекті көші-қон бейіндерін ұсынды және ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін негізгі сын-қатерлер мен мүмкіндіктерді талқылады. Сондай-ақ, жобаны іске асырудың екінші жылының қорытындылары және қатысушы елдердің өңірлік өзара іс-қимылын кеңейтуді және институционалдық әлеуетін нығайтуды қамтитын үшінші жылға арналған жұмыс жоспары қаралды.
Іс-шара PROTECT жобасының көші-қон саласындағы тәжірибе алмасу және келісілген шешімдер платформасы ретіндегі маңызды рөлін растады, сондай-ақ өңір мемлекеттерін көші-қонды басқару жүйелерін нығайту жөніндегі бірлескен жұмысқа одан әрі тарту қажеттігін атап өтті.