А. Шонов Өзбекстан Республикасының өкілдерімен кездесті

А. Шонов Өзбекстан Республикасының өкілдерімен кездесті

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің төрағасы Шонов Асет еңбек көші-қоны саласындағы екіжақты келісімнің мүмкіндіктері талқыланған Өзбекстан Республикасы делегациясының өкілдерімен кездесу өткізді.

Іс-шараға ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Саид Латипов, ҚР ЕХӘҚМ Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің директоры  Махмуд Копбаев, өзбек тарапынан ІІМ Көші-қон және азаматтықты тіркеу департаментінің басшысы Бехзод Сайфуллаев, Министрлер кабинеті жанындағы Көші-қон агенттігінің аға маманы Дильшод Бердикулов, Стратегиялық және өңірлік зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері Эльдор Самандаров, сондай-ақ Халықаралық көші-қон ұйымының өкілдері қатысты.

Асет Шонов өз сөзінде Қазақстан тарапы екі ведомство арасында орнаған іскерлік әрі достық байланыстарды жоғары бағалайтынын және одан әрі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін атап өтті.

«Біз еліміз арасында қалыптасқан өзара сенім мен түсіністіктің жылы атмосферасын жоғары бағалаймыз және қазақ-өзбек қатынастарының бірізді дамып келе жатқанын зор қанағатпен атап өтеміз», - деді Комитет төрағасы.

Кездесу барысында 2019 жылғы еңбек қызметі және еңбекші көшіп келушілердің құқықтарын қорғау туралы Келісім аясындағы еңбек көші-қоны саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың мүмкіндіктері туралы мәселелер талқыланды. Аталған құжат көші-қон ағындарын реттеудің, заңсыз жұмыспен қамтудың алдын алудың, сондай-ақ Өзбекстаннан келетін еңбекші көшіп келушілердің Қазақстан Республикасының аумағында болу және еңбек ету шарттарының (еңбек мигранттарын тарту рәсімін цифрландыру арқылы жеңілдету). негізгі тетігіне айналды.

Тараптар халық көшi-қоны саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға уағдаласты.