Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар

Ақтөбе облысындағы су тасқынына қарсы іс-шаралар

ТЖМ Өртке қарсы қызмет төрағасының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі М.Т. Аманбаев су тасқынына қарсы жұмыстарды ұйымдастыру үшін ағымдағы жылғы 29 наурыздан бастап жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында. Ол Ақтөбе қаласында, Қобда, Ойыл аудандарында жұмыстың үйлестірілуін қарап, зардап шеккен адамдарды құтқарушылармен бірге эвакуациялау жұмыстарын атқаруда.

29 наурызда Ойыл ауданы, Ш. Берсиев ауылдық округі, Қаратал ауылында еріген қар суының жиналуына және «Ойыл» өзенінің деңгейінің көтерілуіне байланысты ауылды су басты. М.Т. Аманбаевтың басшылығымен барлығы 246 адам, оның ішінде 117 бала қауіпсіз жерге көшірілді. Жалпы ТЖД күшімен адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде, сонымен қатар Т. Бигелдинов әуе қорғанысы күштері әскери институтының тікұшағы жұмылдырылды.

30 наурызда Қобда ауданы Көкуй ауылында су тасқыны жағдайына және еріген су ағынына байланысты Қобда өзенінің деңгейі көтерілді. Су жасанды бөгет арқылы құйылып, Қоғалы елді мекенін су басу қаупі туындады. Осыған байланысты Қоғалы ауылында авариялық-құтқару және эвакуациялық жұмыстарды жүргізу мақсатында тік ұшақ ұшырылып, құтқарушылар және жергілікті атқарушы органдар күшімен 68 адам, оның ішінде 39 бала қауіпсіз аймаққа көшірілді.

Қазіргі таңда азаматтық қорғау полковнигі М.Т. Аманбаев Ырғыз ауданының елді мекендерінде су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіруде.