Қазақстанда 268-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

Қазақстанда 268-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды

  Абай облысы Бесқарағай ауданы Беген ауылдық округінің Беген ауылында 268-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды.

  Жаңа өрт сөндіру бекеті Беген ауылы, Беген орманшылығы және Жандос ауылы тұрғындарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бекеттің жауапкершілік аймағында 313 тұрғын үй бар, онда шамамен 1 300 адам тұрады.

  Жаңа бекет заманауи техникамен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бекет қызмет атқаруға толық жасақталған. Мұнда ТЖМ тарапынан берілген өрт сөндіру техникасы, байланыс құралдары, өрт сөндіру-техникалық жарақтары мен жауынгерлік киім-кешек бар. Жеке құрамның тәулік бойы кезекшілік атқаруы және өрттерге жедел ден қоюы үшін қажетті жағдайлар жасалған. Еріктілер Төтенше жағдайлар департаментінде арнайы даярлықтан өтті.

  «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымының ашылуы елді мекендердегі өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін күшейтуге мүмкіндік береді.