ТЖМ-де өрт қауіпті кезең бойынша брифинг өткізілді

ТЖМ-де өрт қауіпті кезең бойынша брифинг өткізілді

  ҚР ТЖМ Стратегиялық жоспарлау және жедел басқару орталығында «Өрт қауіпті кезеңнің өтуі туралы» тақырыбында брифинг өтті. Спикерлер: ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Төрегелдиев Ерлан Аблайұлы, сондай-ақ ҚР ЭТРМ Мемлекеттік бақылау, орманды қорғау және сақтау басқармасының басшысы  Нияз Жолбарыс Арыстанұлылі.

  Ерлан Төрегелдиев хабарлағандай, биылғы өрт қауіпті кезең күрделі ауа райында өтуде. Еліміздің бірқатар жерлерінде ауа температурасының жоғары болуы, қатты жел мен ауаның төмен ылғалдылығы табиғи және дала өрттерінің тез таралуына әсер етуде. Жағдай Төтенше жағдайлар министрлігінің тұрақты бақылауында. Барлық бөлімшелер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тәулік бойы мониторинг жасалуда, күштер мен құралдар жедел әрекет етуге дайын. Қазіргі уақытта табиғи және дала өрттерінің басым бөлігі бастапқы кезеңде сөндірілуде. Бұл ірі төтенше жағдайлардың болуына жол бермей, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  Елімізде өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 451 орман өрті, 8 дала өрті және 1328 құрғақ шөптің жану жағдайы тіркелді.

  Оған «Семей орманы» резерваты аумағындағы орман өртін сөндіру жұмыстары нақты мысал бола алады. Өрт анықталған сәттен бастап/ күштер мен құралдар жедел ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Барлық мемлекеттік органдардың бірлескен жұмысы ұйымдастырылды. Өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі, жергілікті атқарушы органдар және орман шаруашылығы қызметтерінің бөлімшелері қатысты. Жалпы саны 800-ден астам жеке құрам, 204 техника және 8 әуе кемесі жұмылдырылды. Авиацияның рөлі ерекше болды. 380 рет су төгіліп, өрт ошақтарына 900 тоннадан астам су жеткізілді. Қабылданған жедел шешімдер мен барлық қызметтердің бірлескен жұмысының арқасында өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді.

  Ең бастысы – өрттің елді мекендерге таралуына жол берілмей, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта аумақта қайта тұтанудың алдын алу жұмыстары жалғасуда.

  Айта кету керек, бүгінгі нәтижеге азаматтық қорғау жүйесін күшейту бағытында жүргізілген жұмыстардың арқасында қол жеткіздік. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Төтенше жағдайлар министрлігінің материалдық-техникалық базасы күшейтілді.

  Өрт сөндіру және арнайы техникалар жаңартылып, авиацияның мүмкіндіктері кеңейтілуде. Заманауи байланыс құралдары мен цифрлық технологиялар енгізілуде. Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен ғарыштық мониторинг жүйелері белсенді қолданылып келеді. Бұл өрт ошақтарын дер кезінде анықтап, жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

  Бүгінде Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері табиғи өрттерге бұрынғыдан әлдеқайда жылдам әрекет етеді. Мұны биылғы өрт қауіпті кезеңнің нәтижелері де айқын көрсетіп отыр.

  Біздің басты міндетіміз – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман қорын сақтау және елді мекендерді өрттен қорғау. Мемлекеттік органдардың, еріктілердің және жергілікті тұрғындардың бірлескен жұмысы табиғи өрттердің алдын алуға және оларды жедел сөндіруге көмектесіп келеді.

  Алда жаз мезгілінің ең күрделі кезеңі тұр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары жоғары дайындық режимінде қызмет атқаруда. Өрт қауіпті аумақтарға мониторинг күшейтіліп, қосымша патрульдеу ұйымдастырылды. Авиация мен техника кез келген жағдайға дайын тұр.

  Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, орман қорын сақтау және елді мекендерді қорғау – Төтенше жағдайлар министрлігінің басты міндеттерінің бірі.

  ТЖМ өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырады:

  - орман алқаптары мен ашық аумақтарда от жақпаңыз;

  - жанған сіріңке мен сөндірілмеген темекі тұқылын тастамаңыз;

  - табиғат аясында шыны ыдыстарды қалдырмаңыз, себебі күн сәулесі шыны арқылы өтіп, құрғақ шөптің тұтануына себеп болуы мүмкін;

  - өрт болған жағдайда 101 немесе 112 нөміріне дереу хабарлаңыз.