
Абай облысындағы «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты Бородулиха филиалының Камышенка орманшылығының 57-орамында орман алқабының жануы орын алған. Өртті сөндіруге ҚР ТЖМ, ЭТРМ, ІІМ, ҚМ, ДМ, ҰҚК және Абай облысы әкімдігінің күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ТЖМ қызметкерлері Ішкі істер министрлігі және Абай облысының әкімдігімен бірлесіп «DosBolLike» балалар лагерінің тәрбиеленушілері мен қызметкерлерін алдын ала эвакуациялады. Семей қаласына барлығы 220 адам жеткізілді. Оның ішінде 190 бала мен лагерьдің 30 қызметкері бар.
Барлық іс-шараларды үйлестіру үшін ҚР ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылды. Оның жұмысына барлық жұмылдырылған мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда. Үйлесімді өзара іс-қимылдың арқасында жедел шешімдер қабылданып, жерүсті және авиациялық күштердің жұмысы үйлестіріліп, өртке қарсы іс-шаралар кешені жүргізілуде.
Авиация күшімен өрт ошақтарына жалпы көлемі 89 тонна суды құрайтын 81 рет су төгу жүзеге асырылды. Өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы жіберілді. Алдын ала бағалау бойынша өрттің аумағы шамамен 60 гектарды құрайды.
Полиция қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт орнына баратын жолдарды жапты. Өрт сөндіру, инженерлік және басқа да арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар қоғамдық тәртіп сақталып, тұрғындар қалдырған мүлікті күзету шаралары қабылдануда.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Абай облысындағы орман өрті аумағына келіп, облыс әкімі Берік Уәлимен бірге «Семей орманы» аумағындағы өрттің ең күрделі учаскелерін аралады. Аумақты шолу барысында жедел жағдай мен өртті сөндіру жұмыстарының барысына бағалау жүргізілді.
Оқиға орнында жедел штаб жұмыс істеуде. Шыңғыс Әрінов өрт сөндіру басшысының баяндамасын тыңдап, күштер мен құралдардың орналасуын бағалады. Сондай-ақ құтқарушылар тобының резервін қалыптастыру және жүргізіліп жатқан іс-шаралардың тиімділігін арттыру бойынша қосымша тапсырмалар берді.
Қазіргі уақытта өртті сөндіруге 600-ге жуық адам, 160-тан астам жерүсті техникасы және 7 тікұшақ жұмылдырылды. Өртті оқшаулау жұмыстары түнгі уақытта да жалғасуда.
Түнгі уақытта өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында өрттің барлық периметрі бойымен өртті сөндіру, қарауылдау және жиегіне су төгу жұмыстары жүргізілді. Жағдайға үздіксіз мониторинг жүргізіліп, бықсып жатқан жекелеген ошақтарды жою жұмыстары атқарылды.
Таң атысымен күштер мен құралдар дереу өртті сөндірудің белсенді кезеңіне кірісті. Жетуі қиын учаскелердегі ішкі жану ошақтарын жою үшін жаяу десант жіберілді. Сонымен қатар өртті жедел оқшаулау мақсатында авиацияның жұмысы ұйымдастырылып, ол өрттің ең күрделі учаскелеріне су төгу жұмыстарын жүргізуде
Жедел штаб жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр. Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өрттің одан әрі таралуына және елді мекендерге қауіп төнуіне жол берілген жоқ.
Қазіргі уақытта белсенді ашық жану ошақтары жоқ. Өрт толық сөндірілгенге дейін күштер мен құралдар күшейтілген режимде жұмыстарын жалғастыруда. Қайта тұтанудың алдын алу мақсатында күйген ағаштар мен орман төсеніштерін бөлшектеу, сондай-ақ топырақпен көму және су себу (проливка) жұмыстары жүргізілуде.
Өрттің таралуына және жаңа өрт ошақтарының пайда болуына жол бермеу үшін өрт аумағының периметрі бойынша минералдандырылған жолақтар жасалып, жер жырту (опашка) жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытқа дейін жалпы көлемі 864 тонна суды құрайтын 376 рет су төгу жұмысы орындалды.
Жағдай Қазақстан Республикасы ТЖМ Жедел штабының толық бақылауында.