Алматы құтқарушылары метро станциясындағы төтенше жағдайларды жою тәжірибесімен бөлісуде

Алматы құтқарушылары метро станциясындағы төтенше жағдайларды жою тәжірибесімен бөлісуде

  Алматы қаласында ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің ұйымдастыруымен еліміздің барлық өңірлерінен келген ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметтері басқармаларының қызметкерлерінің қатысуымен республикалық семинар жалғасуда. Кезекті практикалық күн қалалық инфрақұрылымның ең күрделі нысандарының бірі – метрополитенде төтенше жағдай туындаған кездегі шұғыл қызметтердің іс-қимылдарын пысықтауға арналды.

  Тәжірибелік оқу-жаттығу «Сарыарқа» метро станциясында өтті. Тактикалық сценарийге сәйкес, электр сымдарының апаттық жұмыс режимі салдарынан біріктірілген тартқыш қосалқы станцияда қысқа тұйықталу орын алып, кейін кабельдер шартты түрде жанған. Оқу-жаттығу барысында барлау жүргізу, адамдарды іздестіру және құтқару, эвакуацияны ұйымдастыру, жұмыс жүргізуге рұқсат алу, шартты өртті сөндіру, сондай-ақ барлық шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелері пысықталды.

  Практикалық сабақтың ерекшелігі – семинарға қатысушылардың еліміздегі жалғыз жерасты метрополитенінде жүргізілген құтқару операциясын нақты уақыт режимінде бақылау мүмкіндігі болды. Нысандағы бейнебақылау камераларынан алынған көріністер экранға тікелей көрсетіліп, авариялық-құтқару жұмыстарының әр кезеңін егжей-тегжейлі талдауға мүмкіндік берді. Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін қатысушылар пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарды қойды және метрополитендегі төтенше жағдайларға ден қоюды жетілдірудің ықтимал жолдарын талқылады.

  Оқу-жаттығуға өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінен бөлек, ҚР ТЖМ Құтқару қызметінің, «Барыс» республикалық құтқару қызметінің, Апаттар медицинасы орталығының, полицияның, метрополитен қызметтерінің және өзара іс-қимыл жасайтын басқа да ұйымдардың қызметкерлері жұмылдырылды.