ТЖМ INTERSCHUTZ 2026 көрмесінде

ТЖМ INTERSCHUTZ 2026 көрмесінде

ТЖМ делегациясы Германияның Ганновер қаласында өткен INTERSCHUTZ 2026 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысты.

Бұл көрме өрт қауіпсіздігі, авариялық-құтқару техникасы және өрт-техникалық жабдықтар саласындағы әлемдегі ең ірі алаң болып табылады.

Іс-шараға әлемнің 55 елінен 1700-ден астам компания қатысты. Жалпы ауданы 120 мың шаршы метрден асатын көрме алаңында заманауи өрт сөндіру автомобильдері, авариялық-құтқару жабдықтары, жеке қорғаныс құралдары және жедел әрекет ету бөлімшелеріне арналған өзге де шешімдер таныстырылды.

Көрме барысында делегация заманауи автосатылардың мүмкіндіктерімен, жаңа өрт сорғыларының, көбік беру жүйелерінің, соның ішінде CAFS технологияларының және қашықтан басқарылатын лафеттік оқпандардың жұмысымен танысты. Сондай-ақ тыныс алу органдарын қорғауға арналған жеке қорғаныс құралдарының жаңа үлгілері мен тыныс алу аппараттарын өндірушілердің өнімдері зерделенді.

Өрт сөндіру автоцистерналарын жарақтандырудың заманауи тәсілдеріне ерекше назар аударылды. Шетелдік өндірушілер жабдықтарды орналастырудағы жоғары эргономиканы, пайдаланудағы қолайлылықты және өрт сөндірушілердің жұмыс орындарын тиімді ұйымдастыруды көрсетті.

Алынған тәжірибе мен зерттелген техникалық шешімдер ТЖМ бөлімшелерінің өрт техникасы мен жабдықтарын одан әрі жетілдіру және жаңғырту барысында ескерілетін болады.