
Павлодар облысы Ақсу қаласының Мәмәйіт Омаров ауылында «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында ерікті өрт сөндіру пункті пайдалануға берілді.
Ашылу рәсіміне Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Рамиль Камалов, өңірлік ТЖД бастығы Рустамбек Амрин, Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов, сондай-ақ ауыл тұрғындары қатысты.
Еріктілердің тәулік бойы кезекшілік атқаруы үшін нысанда барлық қолайлы жағдай жасалған: қызметтік-тұрмыстық үй-жайлар, демалыс бөлмелері және қажетті инфрақұрылым жабдықталған. Бекет заманауи өрт-техникалық құралдармен, байланыс құрылғыларымен және арнайы қорғаныш экипировкалармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар №10 өрт сөндіру бөлімі КамАЗ базасындағы АЦ-5-40 автоцистернасына реновация жұмыстарын жүргізді.
Жаңа бекеттің басты артықшылықтарының бірі заманауи цифрлық қауіпсіздік технологияларының енгізілуі. Мұнда 3D-бет сәйкестендіру терминалдары мен фотосурет және бейнематериалдар арқылы айналып өту әрекеттерінен қорғалған қолжетімділікті бақылау мен басқару жүйелері орнатылған. Бейнебақылау жүйесі Павлодар облысының ТЖД-мен біріктірілген.
Жаңа өрт сөндіру пункті Мәмәйіт Омаров, Еңбек, Дөнентаев, Сырлықала, Құркөл және Көктерек ауылдарының тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аталған елді мекендерде 3 мыңнан астам адам тұрады. Ауылдық жерлерде осындай нысандардың ашылуы төтенше жағдай орнына жету уақытын едәуір қысқартып, өрттерді жою тиімділігін арттыруға және ықтимал шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.
Құтқару қызметін дамытуға қосқан үлесі және қызметтік міндеттерін адал және мінсіз атқарғаны үшін бірқатар қызметкерлер мен азаматтар наградталды.
Іс-шара соңында экологиялық акция ұйымдастырылып, қатысушылар жаңа өрт сөндіру пунктінің аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.