
Еліміздің түкпір-түкпірінде жылыту маусымында өрттердің және улы газбен улану жағдайларының алдын алуға бағытталған өрт қауіпсіздігі республикалық профилактикалық айлығы өткізілуде. Іс-шараның басты мақсаты өрттің алдын алу, қауіпсіздік мәдениетін арттыру және тұрғындардың тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауына жауапкершілікпен қарау көзқарасын қалыптастыру.
Айлық аясында Абай облысы ТЖД қызметкерлері волонтерлермен бірлесе отырып, барак типтес тұрғын үйлерде профилактикалық жұмыстар жүргізді. Тұрғындарға пештер мен электр жылытқыштарын қауіпсіз пайдалану ережелері ескертіліп, өрт қауіпсіздігі жазылған жаднамалар таратылды, сондай-ақ мұржаларды дер кезінде тазалау және істен шыққан сымдарды ауыстыру қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысында профилактикалық рейдтер күшейтілді, әлеуметтік осал азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылуда. Құтқарушылар мен әкімдік өкілдері тұрғындарға пештер мен электр жабдықтарын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салуда. Бірқатар үйлерге газдың және жану өнімдерінің қауіпті шоғырлануын анықтайтын датчиктер орнатылды. Жылыту маусымы басталғалы бері мамандар облыс аумағында 20 мыңнан астам үйді аралады. 21 500 адам қамтылып, әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 318 датчик орнатылды.
Тараз қаласында Төтенше жағдайлар басқармасының ұйымдастыруымен «Қауіпсіз қала» атты ауқымды профилактикалық акция өтті. Акцияға Жамбыл облысының ТЖД қызметкерлері, атқарушы органдардың, коммуналдық және апаттық қызметтердің өкілдері, волонтерлер мен қоғамдық бірлестіктер қатысты. Құтқарушылар тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға мұржаларды, пештердің, электр және газ құралдарының жарамдылығын тексеру қажеттігін еске салды. Әлеуметтік осал азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылып, олардың кейбіріне улы газ датчиктері орнатылып, мұржалар тазартылды. Сонымен қатар ТЖД қызметкерлері мектептерге, базарларға, автовокзалдар мен ХҚКО барып, өрт кезіндегі іс-қимыл жасау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Қарағанды қаласында ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, Рабочий кентінде рейдтер өткізді. Іс-шара барысында әлеуметтік осал топтағы азаматтардың үйлеріне ерекше назар аударылды. Рейд нәтижесінде 30 улы газ датчигі орнатылып, тұрғындарға жылыту құралдары мен пештерді қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндіру жүргізілді. Жылыту маусымы басталғалы бері 130 рейд өткізіліп, 15 мыңнан астам үй қамтылды, 3 200-ден астам улы газ датчигі орнатылды.
Қызылорда қаласының Қызылжарма ауылында жүргізілген рейд барысында құтқарушылар адам өміріне қауіп төндіретін жағдайдың алдын алды. Көпбалалы отбасының үйінде улы газбен улану қаупін туғызған газ құрылғысының ақауы анықталды. ТЖД қызметкерлері дереу «104» апаттық қызметін шақырып, олар қауіпті ақауды жойды. Отбасына газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану жөнінде жаднама табысталып, нұсқаулық түсіндірілді.
ТЖМ азаматтарға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:
- тек жарамды пештер мен электр құралдарын қолданыңыз;
- электр желілерін шамадан тыс жүктемеңіз;
- мұржаларды уақытында күйеден тазартыңыз;
- жылыту жүйелерінің жағдайын үнемі тексеріп отырыңыз;
- балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
- тұтатқыш ретінде жанғыш сұйықтықтарды пайдаланбаңыз.
Қауіпсіздік талаптарын сақтау — өз өміріңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтаудың кепілі.