ТЖМ басшысы «Үркер» тұрғын алабында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты

ТЖМ басшысы «Үркер» тұрғын алабында жаңа өрт сөндіру бөлімін ашты

  Астана қаласының «Үркер» тұрғын алабында №25 жаңа өрт сөндіру бөлімінің ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау жүйесін нығайту және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы бағдарламасын жүзеге асыру жолындағы кезекті қадам болды.

  Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, азаматтық қорғау ардагерлері, елордалық ТЖД басшылығы мен жеке құрамы қатысты.

  «Бүгінгі күні еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа өрт сөндіру бөлімдері салынып, жұмысын бастауда. Бұл мемлекеттің азаматтық қорғау инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытып, құтқарушыларға заманауи қызмет ету жағдайын жасап, халыққа жедел көмек көрсетуді қамтамасыз етіп отырғанының айқын дәлелі», – деп министр Шыңғыс Әрінов атап өтті.

  Жаңа өрт сөндіру бөлімі 2,7 гектар аумақта жергілікті атқарушы органдардың белсенді қолдауымен салынды. Екі қабатты ғимаратта екі шығуға арналған бокс, қызметтік кабинеттер, мәжіліс залы орналасқан. Құтқарушыларды даярлау үшін оқу мұнарасы мен спорт алаңы қарастырылған, бұл олардың кәсіби және дене дайындығын жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді.

  №25 өрт сөндіру бөлімі «Үркер» тұрғын алабындағы 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін болады.