
Есірткі жарнамасына қарсы күрес – әр азаматтың жауапкершілігінен басталады. Осы мақсатта Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы прокуратура өкілдерімен, "Аяулы Алақан" үкіметтік емес ұйымымен, есірткі құқықбұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен және еріктілермен бірлесіп ауқымды есірткіге қарсы рейд ұйымдастырды.
Іс-шараға 45 ерікті қатысып, қала көшелерін аралау барысында есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын жазулар мен интернет-сілтемелерді анықтау жұмыстарын жүргізді. Рейд нәтижесінде осындай екі сілтеме анықталып, жедел түрде боялып, жойылды.
Сонымен қатар ұйымдастырушылар тұрғындар арасында кең көлемді профилактикалық жұмыстар өткізді. Қала тұрғындарына ақпараттық жадынамалар таратылып, жастармен есірткі қылмыстарының салдары, зиянды әдеттердің қауіптілігі және салауатты өмір салтын ұстанудың маңызы жөнінде түсіндіру кездесулері ұйымдастырылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері Жетісу облысында есірткі құралдарын насихаттайтын 97 граффити мен интернет-сілтеме жойылған. Бүгінгі рейд барысында бұл көрсеткіш тағы екі жойылған жазумен толықты.
Әрбір өшірілген сілтеме – жай ғана қабырғадағы жазуды жою емес. Бұл – есірткі мен оның насихатына орын жоқ қауіпсіз қоғам қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, келешек ұрпақтың жарқын болашағына қосылған нақты үлес.