Талдықорғанда “Біз нашақорлыққа қарсымыз!” атты бұқаралық таңғы жаттығу өтті

Талдықорғанда “Біз нашақорлыққа қарсымыз!” атты бұқаралық таңғы жаттығу өтті

     Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған айлық аясында Талдықорған қаласындағы “Болашақ” стадионы аумағында “Біз нашақорлыққа қарсымыз!” ұранымен бұқаралық таңғы жаттығу өтті.

     Іс-шараны Жетісу облысы полиция департаменті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.

     Акцияға 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында спортшылар, жастар ұйымдарының өкілдері, еріктілер, полиция қызметкерлері және қала тұрғындары болды. Қатысушылар салауатты өмір салтын қолдап, қоғам назарын нашақорлықтың алдын алу мәселесіне аударуға өз үлестерін қосты.

     Шара басталар алдында ұйымдастырушылар қатысушыларға есірткіге қарсы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығы туралы айтып, жастар арасында дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастырудың қажеттілігін атап өтті.

     Тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен қатысушылар таңғы сергіту жаттығуларын орындап, көтеріңкі көңіл-күй мен сергектікке ие болды.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жастар мен тұрғындардың есірткіге қарсы көзқарасын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту және қоғам назарын нашақорлықтың алдын алу мәселесіне аудару.

     Ұйымдастырушылар мұндай шаралардың тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, спортты кеңінен насихаттауға және қоғамда есірткіге қарсы тұрақты мәдениет қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

     Спорт пен белсенді өмір салтын таңдаған әрбір азамат есірткісіз, қауіпсіз әрі жарқын болашаққа қадам жасайды.