ІІМ ауғандық апиынды жеткізудің сыртқы арнасының жолын кесті

ІІМ ауғандық апиынды жеткізудің сыртқы арнасының жолын кесті

     Ішкі істер министрлігі "Заң мен Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында халықаралық есірткі тасымалы арналарының жолын кесу бойынша арнайы іс-шаралар жүргізуде.

     Қазақстан және Қырғызстан Ішкі істер министрліктері тығыз өзара іс-қимыл мен шекара маңы ынтымақтастығы аясында апиын тобына жататын есірткі заттарын жеткізудің сыртқы трансұлттық арнасының жолын кесті. 

- Бірлескен арнайы операция барысында Шымкент қаласында Қазақстанның екі азаматы ұсталды. Олардан шамамен 5 келі ауғандық апиын есірткі заты тәркіленді.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта олардың әрекеттеріне есірткі контрабандасы және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу белгілері бойынша қосымша құқықтық баға беру мәселесі қарастырылуда, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

     Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық ынтымақтастықты нығайту аясында еліміздің аумағына есірткі жеткізудің сыртқы арналарының жолын кесуге, сондай-ақ ел аумағы арқылы жүзеге асырылатын есірткі транзитіне қарсы бағытталған нысаналы арнайы операцияларды жалғастырады.