Ақтөбеде 400-ден астам студент "Тұрақты отбасы – нашақорлыққа қарсы" атты профилактикалық іс-шараға қатысты

Ақтөбеде 400-ден астам студент "Тұрақты отбасы – нашақорлыққа қарсы" атты профилактикалық іс-шараға қатысты

     Нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күніне орай Ақтөбе гуманитарлық колледжінде "Тұрақты отбасы – нашақорлыққа қарсы" тақырыбында профилактикалық-тәрбиелік іс-шара ұйымдастырылды.

     Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткіге қарсы көзқарас қалыптастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау.

     Шараға болашақ педагог мамандығында білім алып жатқан 400-ден астам студент қатысты. Кездесуге қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, депутаттар және Ақтөбе облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері арнайы спикер ретінде шақырылды.

     Кездесу барысында ЕҚҚІҚБ бастығының орынбасары Асқат Асқаров есірткіні қолданудың зияны, заңсыз есірткі айналымына байланысты қылмыстар үшін қарастырылған жауапкершілік, сондай-ақ жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алуда отбасының маңызы туралы кеңінен баяндады.

     Сонымен қатар жиында студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру, жас ұрпақты дұрыс тәрбиелеу және қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері талқыланды.

     Полиция қызметкерлері жастарды заң талаптарын сақтауға, зиянды әрекеттерден аулақ болуға және қоғамның белсенді әрі саналы мүшесі болуға шақырды.