Павлодарда есірткіге қарсы акция басталды

Павлодарда есірткіге қарсы акция басталды

     Павлодар қаласының Орталық жағалауында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылған есірткіге қарсы бір айлық акцияның салтанатты ашылуы өтті. Іс-шара республикалық "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.

     "Ertis Promenade" сахнасында қауіпсіз әрі салауатты болашақты қолдайтын жүздеген павлодарлықтар, жастар, еріктілер мен медицина қызметкерлері бас қосты. Мерекелік шараның көркін әсерлі концерттік бағдарламалар, заманауи би қойылымдары және спортшылардың көрсетілімдері аша түсті. Сонымен қатар арнайы техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, тұрғындар полиция қызметінің қызметтік көліктерімен жақыннан танысуға мүмкіндік алды.

     Жағалау аумағында интерактивті алаңдар жұмыс істеп, мамандар тұрғындарға денсаулықты сақтау, тәуелділіктің алдын алу және салауатты өмір салтын ұстану бойынша кеңес берді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен заңгерлер азаматтардың құқықтық сұрақтарына жауап берді.

     Іс-шараның ең әсерлі бөлігі кинологиялық қызметтің көрсетілімі болды. Қылмыспен күресте таптырмас көмекші саналатын қызметтік иттер өздерінің шеберлігін, тәртіп пен із кесу дағдыларын көрсетті. Буран есімді қызметтік иттің өнері көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

     Күннің басты кейіпкері ретінде Блонди есімді қызметтік ит танылды. Ол профилактикалық айлықтың ресми ашылуына символикалық түрде старт берді. Алдағы бір ай бойы Блонди кинологтармен бірге рейдтік іс-шараларға, ашық кездесулерге және оқушылар мен студенттерге арналған профилактикалық дәрістерге қатыспақ.

     Полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, бұл айлықтың басты мақсаты – есірткі қылмысының алдын алу жұмыстарын күшейту. Әсіресе жастар арасында зиянды әдеттердің алдын алып, құқықтық сауаттылық пен салауатты өмір салтын насихаттау негізгі басымдық болып қала бермек.