ТЖМ сел қаупі бар учаскелерде 170 жерүсті тексеру жұмыстарын жүргізді

ТЖМ сел қаупі бар учаскелерде 170 жерүсті тексеру жұмыстарын жүргізді

  Сел қаупі бар кезеңге дайындық аясында Қазақстан ТЖМ «Қазселденқорғау» еліміздің өңірлерінде сел қаупін бақылау және оның алдын алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізуде.

  Үздіксіз мониторингті қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы маусымда 79 тұрақты және 49 маусымдық бақылау бекеті жұмысқа тартылған. Ықтимал төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін «Қазселденқорғау» мекемесінің 11 авариялық-механикаландырылған бригадасы жасақталған. Жыл басынан бері мекеме мамандары сел қаупі жоғары учаскелерде 170-тен астам жерүсті зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, сел түзілу ошақтары мен ықтимал қауіпті нысандардың жағдайын бағалау мақсатында Алматы қаласы мен Түркістан облысында екі рет әуеден шолу тексеруі өткізілді.

  Профилактикалық жұмыстың маңызды бағыттарының бірі - халықты және жергілікті атқарушы органдарды ақпараттандыру. Маусым басталғалы бері ықтимал қауіпті аймақтарда орналасқан елді мекендердің тұрғындарына, ұйымдарға және әкімдіктерге 800-ге жуық ұсынымдық хабарлама жолданды.

  Сонымен қатар, 2000-нан астам ақпараттық жадынама таратылып, қауіпті учаскелерде шамамен 130 ескерту тақтайшалары орнатылды.

  Маусым айында Іле Алатауы жотасының орталық бөлігіндегі мұздық көлдерді, мұздықтарды және сел қалыптастырушы ошақтарды, сондай-ақ Жамбыл, Түркістан облыстарының, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аудандарын аэровизуалды тексеру жоспарланған.

  Ағымдағы маусымда Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысы аумағында орналасқан мұздық көлдерді босату бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Бұл іс-шаралар ықтимал қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.