ТЖМ басшысы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады

ТЖМ басшысы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы баяндады

  Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Үкіметтің отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша сөз сөйледі.

  Министрдің айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету шеңберінде өндірістік авариялардың туындау қаупі мен соның салдарынан болатын адам өлімін азайту шаралары қабылданды.

  Атап айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары нығайтылып, өндірістік бақылауға, кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін аттестаттауға қойылатын бірқатар талаптар күшейтілді, тозған жабдықты уақтылы жаңарту жоспарын келісу міндеті белгіленді.

  Қазір еліміздің қауіпті өндірістік орындардағы адам өлімі 3 есеге, жарақат алу 25%-ға азайды. Ағымдағы жылдың 5 айында бақылаудағы объектілерде 43 оқиға мен 12 авария тіркелді, оның ішіндегі 10-ы бойынша тергеу жүргізілді.

  Жұмысшылар қаза болған «Востокцветмет» шахтасында және «Қазцинк» зауытында орын алған екі ірі авария бойынша тергеу жалғасуда. Бейінді сарапшылардың қатысуымен тиісті сараптамалар мен зерттеулер тағайындалды.

  Алдын ала болжам бойынша «Востокцветмет» шахтасында орын алған аварияға, тау-кен жұмыстарын жобалық құжаттама талаптарын бұзып жүргізу және жұмыс өндірісінің тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы себеп болған.

  Қазцинк зауытындағы жарылыс технологиялық процестің бұзылуы салдарынан орын алды деген болжам бар.

  Бұған дейін осы объектілерде техникалық құжаттамаларға сай келмеу, техникалық құрылғылардың мерзімін ұзарту сараптамаларының болмауы, жобалық құжаттамадан ауытқу, өндірістік бақылаудың әлсіздігі, сондай-ақ тозған жабдықты уақтылы ауыстырмау сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылуы анықталғанын айта кеткен жөн. Тергеу аяқталғаннан кейін кәсіпорындарға қатысты тиісті шаралар қабылданады.

  Жыл басынан бері өнеркәсіптік қауіпсіздікті мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың жаңа механизмі енгізілді, онда барлық кәсіпорындар толықтай қамтылады.

  Өткен жылмен салыстырғанда, ағымдағы жылдың 5 айында кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер саны 2,5 есеге артып, нәтижесінде 10 мыңнан астам өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзушылығы анықталды. Әртүрлі санаттағы 523 қызметкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 6 млн. теңгеден 62 млн. теңгеге дейін ұлғайды. Қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел бұзушылықтар анықталған 600-ден астам объекті мен техникалық құрылғылардың жұмысы тоқтатылды.

  Алайда, жекелеген кәсіпорындар енгізілген шектеулерді елемей, төтенше жағдайлардың туындау қаупін арттырып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Сол себептен, осындай жауапсыз объектілердің иелеріне қатысты қосымша шаралар қабылданады.

  Цифрландыру аясында жасанды интеллектті енгізу арқылы «е-ТЖМ» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленіп жатыр. Жүйеде қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу және авариялар мен жарақат алудың деректер банкі, бизнес-процестерді автоматтандыру, сондай-ақ объектілердегі қауіп-қатерлерді болжау көзделеді. Осы платформада қызметкерлердің білімін тексеру прокторинг жүйесі арқылы онлайн режимінде жүргізілетінін  атап өткім келеді. Сонымен қатар, өндірістік объектілерге мониторинг жүргізу  мен оларды бақылау жүйелерінің интеграциясы жалғасуда.

  Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 55 шахта мен кен орны тексерілді. Оның ішіндегі 45 объектіде жаңа қауіпсіздік жүйелері орнатылды.

  Бүгінгі таңда 14 шахта мен кен орнындағы бейнебақылау және позициялау жүйелері Министрліктің Дағдарыс орталығына қосылған, бұл жағдайды бақылап, жедел ден қоюды онлайн режимінде жүзеге асыру мүмкіндігін береді.

  Аварияның алдын алуға бағытталған өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қолданбалы ғылымды дамытуға және ғылыми жобаларды енгізуге ерекшеназар аударылады.

  Қазіргі уақытта Сейсмология институты Қазақмыс объектілерінің тау-кен учаскелерінде пайда болатын деформациялық өзгерістерге және опырылып құлау қаупі жоғары аймақтардың түзілуіне ғылыми зерттеулер жүргізуде. Қауіп-қатерлерге бағалау жүргізу зерттеуінің осындай тәжірибесі барлық өнеркәсіптік объектілерде жалғасады.

  Азаматтық қорғау саласындағы ұлттық ғылыми зерттеулер, даярлау және оқыту орталығының базасында өндірістік объектілердің қызметкерлерін даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын бөлім жұмыс істейді. Мамандарды даярлау шеңберінде былтыр кәсіпорындардағы қызметкерлердің кәсіби стандарттары жаңартылды, сол арқылы персоналдың біліктілігіне қойылатын талаптар күшейтілді.

  Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті дайындау шеңберінде еліміздің техникалық жоғары оқу орындарымен «Өнеркәсіптік қауіпсіздік» пәнін енгізу бойынша меморандумдар жасалды.

  Қазір өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы инспекторлар жеткіліксіз.  Мемлекет басшысының және өзіңіздің қолдауыңызбен 1 шілдеден бастап өнеркәсіптік қауіпсіздік инспекторларына 30-дан 70 пайызға дейін үстемеақы белгіленді. Қабылданған шаралар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кадрлық әлеуетті нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

  Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған саясатты іске асыруды жалғастыра береміз.