Ташкент қаласындағы Ташкент ауыл шаруашылығын суару және механикаландыру инженерлері институты базасында MODSNOW жүйесін Орталық Азия елдері үшін жедел ерте ескерту жүйесіне (EWS) трансформациялауға арналған өңірлік семинар өтті.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының атынан ҚР ТЖМ қызметкерлері Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің қызметкері Дастан Серкешов пен Төтенше жағдайларды жою департаментінің қызметкері Абай Қалимуллин қатысты.
Іс-шара барысында жүйенің техникалық жаңартулары таныстырылып, оны операциялық режимге көшіру, гидрометеорологиялық деректерді интеграциялау және өңірдің пилоттық өзен бассейндерінде практикалық қолдану мәселелері қарастырылды.
Қатысушылар жүйені ұлттық және өңірлік деңгейде енгізу перспективаларын, сондай-ақ табиғи қауіп-қатерлердің алдын алу саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жоба «Орталық Азиядағы климаттық тәуекелдерді басқару» (CRMCA) өңірлік бағдарламасы аясында Deutsche Gesellschaft für Internationale Zusammenarbeit ұйымымен Германия және Ұлыбритания үкіметтерінің қолдауымен жүзеге асырылуда.