
Алматы қаласының тау аймағында көшкін қаупінің жоғарылауына байланысты халықтың, туристердің және инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді алдын алу іс-шаралары жүргізілді.
Қар массасының өздігінен сырғуының алдын алу үшін заманауи DaisyBell газдинамикалық қондырғысын қолдана отырып, профилактикалық көшкін түсіру жұмыстары атқарылды. Қондырғы тікұшаққа бекітілетін аспалы жүйе болып табылады. Оның жұмыс істеу қағидаты қар жамылғысының үстінде қауіпсіз биіктікте газ қоспасын (оттегі мен сутегі) бақылауда ұстап жаруға негізделген. Бұл соққы толқыны тұрақсыз қар қабаттарының сырғуына себеп болып, олардың өздігінен, бақылаусыз қозғалысының алдын алуға мүмкіндік береді.
Жұмыстар Кіші Алматы және Қотырбұлақ өзендерінің бассейндерінде жүргізілді. Нәтижесінде «Шымбұлақ – Тұйықсу» автожолының, «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының «Школьник» шыңы маңындағы аумағының, сондай-ақ Қотырбұлақ шатқалындағы «Ski park Pioneer» тау курортының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Жалпы түскен қар массасының көлемі 83 000 м³ құрады.
Жүргізілген іс-шаралар төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайтуға, туристік инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және қаланың тау аймағындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік берді.