
Еліміздің барлық өңірлерінде алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жүріп жатыр. ҚР ТЖМ, төтенше жағдайлар департаменттерінің және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері су тасқынына осал учаскелерге тексеріс жүргізуде. Су басу қаупін азайтуға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік, ұйымдастырушылық және профилактикалық іс-шаралар кешені ұйымдастырылды.
Ақмола өңіріне ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Роллан Есмағанбетов барды. Жұмыс барысында Зеренді, Сандықтау, Атбасар, Жақсы, Есіл, Жарқайың, Астрахан, Бұланды, Шортанды және Аршалы аудандарының аумағына шолу жүргізілді. Сапар барысында су тасқынына қарсы іс-шаралардың орындалуы, гидротехникалық құрылыстардың, өзен арналары мен су бұру жүйелерінің жай-күйі тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар мен бейінді қызметтерге анықталған кемшіліктерді жою және алдын алу шараларын күшейту бойынша ұсынымдар берілді.
ТЖМ мамандары Алматы облысының елді мекендерін тексерді, 2025 жылға арналған инженерлік іс-шаралар жоспарының іске асырылуымен танысты. Делегация қорғаныс құрылыстары мен су тасқыны қаупі бар учаскелердің жай-күйін тексеру жүргізілген бірқатар елді мекендерді аралады. Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың әкімдіктеріне көктемгі кезеңде халық арасында профилактика жқмыстарын күшейтуге және қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған қосымша шаралар кешені ұсынылды.
Астанада су тасқыны кезеңіне дайындық аясында бірлескен тексеріс жұмыстары жүргізілді. Елордалық ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері Майбалық көліне және ұзындығы 5,4 км ағызу каналына баруды жүзеге асырды. Сонымен қатар, мамандар қаланың қорғаныс бөгетіндегі №2 қарсы реттегіштің су шығару құрылысының техникалық жай-күйін тексерді. Су тасқыны кезеңінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қажетті алдын алу шараларын орындау бойынша ұсыныстар пысықталды.
Абай облысының елді мекендерін инженерлік қорғау жоспары аясында облыстың 9 ауданындағы 23 елді мекенді су тасқынынан қорғау деңгейін арттыруға бағытталған 32 іс-шара іске асырылуда. Негізгі жұмыстарға қорғаныс бөгетін салу, өзен арналары мен су бұру арналарын тазарту, бөгеттерді жөндеу, сондай-ақ еріген сулардың үздіксіз өтуін қамтамасыз ету шаралары кіреді.
Атырау облысында Жайық, Жем, Ойыл, Ноғайты, Қиғаш өзендерінде, Құрсай және Сарыөзек каналдарында су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілді. ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов ТЖД басшылығымен, ЖАО өкілдерімен бірлесіп Жылыой, Қызылқоға, Махамбет, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласына барып, іске асырылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты, сондай-ақ инженерлік жұмыстар жоспарын уақтылы орындау мәселелері қаралды.
Қарағанды облысында инженерлік жұмыстар жоспарында көзделген іс-шаралардың орындалуын бағалау мақсатында ТЖМ ТЖ жою департаменті бастығының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев су тасқыны қаупі бар елді мекендерді аралап шықты. Бүгінгі таңда жоспарланған 138 іс-шараның 112-сі аяқталды (82%), тағы 26-сы аяқталу сатысында.
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспары іске асырылуда. Жоспарға сәйкес 27 іс-шара орындалды, 10-ы бойынша жұмыс жүргізілуде: 1,7 км жаңа қорғаныс біліктері салынды, 14 км-ге жуық қолданыстағы құрылыстар нығайтылды, 14 су өткізу құрылыстары орнатылды. Су бұруды жақсарту үшін 3 км-ден астам арықтар тереңдетіліп, тазартылды, 2 км өзен арналарының бұталарынан тазартылды және 1,5 км жағалауды нығайту жүргізілді.
Көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық Ұлытау облысында да жалғасуда. ТЖМ мамандары жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп инженерлік жұмыстардың орындалуын, гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін және ықтимал су басу аймағындағы елді мекендердің дайындығын тексерді. Тексеру кезінде инженерлік қорғаныстың дайындығы, су өткізгіштерді тазарту және алдын алу шараларының орындалуы бақыланды.
Барлық іс-шаралар су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және халықты ықтимал су тасқынынан қорғауға бағытталған.