Су тасқынына қарсы кешенді қорғау: өңірлерде дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде

Су тасқынына қарсы кешенді қорғау: өңірлерде дайындық жұмыстары белсенді жүргізілуде

  2026 жылғы су тасқыны кезеңі қарсаңында өңірлерде су басу қаупін азайту мен халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу және инженерлік-құрылыс шаралары белсенді іске асырылуда.

  Ақтөбе облысында алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жалғасуда. Өңірде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық және құрылыс жұмыстары атқарылуда. Бүгінгі таңда мынадай іс-шаралар жүргізілді: ұзындығы 2,2 км қорғаныш бөгендері жөнделіп, нығайтылды, ұзындығы 4,5 км арықтар қазылып, тазартылды, ұзындығы 2 км өзен арналарының жағалары бекітілді, ұзындығы 2 км өзен арналары толықтай тазартылды.

  Атырау облысы аумағында су тасқынының алдын алу және жағалауды нығайту мақсатында жалпы ұзындығы 189 км астам инженерлік-құрылыс жұмыстары жоспарланған. Жылыой, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарында жағалауды бекіту және өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.

  Алматы облысында су басудың алдын алу мақсатында арық-дренаж жүйелері орнатылуда. Талдыбұлақ ауылында ұзындығы 870 метр арық-дренаж желілерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Арық-дренаж жүйелері су ағынын тиімді реттеп, еріген қар мен жаңбыр суын дер кезінде сыртқа бұруды қамтамасыз етеді, бұл өз кезегінде судың жиналуына жол бермейді. Мұндай инженерлік шешімдерді енгізу тұрғын үйлерді, инфрақұрылым нысандарын және жер телімдерін су басудан қорғауға, сондай-ақ қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

  Қаланы дамыту бағдарламасы аясында Алматы қаласында су тасқыны қаупін азайтуға бағытталған жобалар іске асырылуда. Үлкен Алматы, Қарғалы, Сапожникова өзен арналарының учаскелерінде жөндеу, реконструкциялау және жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар Бірінші Президент саябағынан Қарғалы өзеніне дейінгі аралықта М-1 каналында реконструкциялау жүргізіліп, Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы мен оның гидротехникалық құрылыстары күрделі жөндеуден өтеді. Бұл шаралар су тасқыны кезеңінде туындайтын ықтимал қауіптерді азайтып, қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

  Атқарылып жатқан жұмыстар халықты және аумақты су тасқынынан қорғау стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Жүйелі тәсіл мен жобаларды жоспарлы түрде іске асырудың арқасында өңірлер табиғи қауіп-қатерлерге дайындық деңгейін едәуір арттырады.