ТЖ министрлігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

ТЖ министрлігінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті

  2025 жылғы 28 мамырда Төтенше жағдайлар вице-министрі Рамиль Камаловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

  Отырыс орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің, облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімдері орынбасарларының, сондай-ақ аумақтық төтенше жағдайлар департаменттер бастықтарының, ТЖМ басшылары мен лауазымды тұлғаларының қатысуымен бейнеконференциялық байланыс форматында өтті.

  Отырыс барысында сел- және көшкін қаупі бар кезеңге дайындық, сондай-ақ елдің сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

  Аталған мәселелер бойынша төтенше жағдайлар, өнеркәсіп және құрылыс министрліктерінің лауазымды тұлғалары мен «Қазселденқорғау» ММ, «Сейсмологиялық байқаулар мен зерттеулердің ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС басшылары сөз сөйледі. Сонымен қатар еліміздің бірқатар өңірлері әкімдерінің орынбасарлары тыңдалды.

  Биылғы жылдың маусымы мен қыркүйегі арлығында сел қаупі бар кезеңді өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес 15 мұздақ көлдің су деңгейін қауіпсіз белгіге дейін төмендету бойынша алдын алу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

  Сейсмологиялық жағдайға тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, жер сілкіністерінің каталогтары жасалады және сейсмикалық қауіптілікке бағалау жүргізіледі. Соңғы жылдары заманауи сейсмологиялық станциялар орнатылып, жұмыс істеп тұрған станциялар жаңғыртылды. Сонымен қатар күштер мен құралдардың дайындығын бағалау мақсатында Жер республикалық оқу-жаттығуы өткізіледі.

  Отырыс қорытындысы бойынша вице-министр мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға ұсынылған халықтың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған іс-шараларды іске асыру үшін шаралар қабылдауды тапсырды.