Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттауға қатысты

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттауға қатысты

Ағымдағы жылдың 6 сәуірінде Мемлекет басшысымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды, оның шеңберінде «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабының 1-тармағында аттестат алған кезде заңды тұлғалардың мәлімделген жұмыс түрлеріне сәйкестігіне өнеркәсiптiк қауiпсiздiк сараптамасын жүргiзу алынып тасталады.

Көрсетілген норма 8 маусымда күшіне енеді. Осы норма күшіне енген кезде «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына заңды тұлғаларды аттестаттау» мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде заңды тұлғаның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарға сәйкестігі туралы сараптамалық қорытындының электрондық көшірмесін ұсыну қажеттілігі туралы талап өзекті болмайды.

Осыған байланысты, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган заңды тұлғаларды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау мәселесін реттейтін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін және қажетті құжаттар тізбесін қайта қарау бөлігінде тиісті өзгерістер енгізетін болады.

Қазіргі уақытта «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығына» және «Заңды тұлғаларды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2020 жылғы 6 сәуірдегі № 186 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» бұйрықтың жобасы әзірленді және заңнамада белгіленгендей келісу және бекіту рәсімінен өтеді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті