
Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Нұр-Сұлтан қаласы, Ж. Жирентаев көшесі, 6 мекенжайы бойынша орналасқан автогаз құю станциясын (қауіпті өндірістік объектіні) пайдалану тоқтатылды.
Осылайша, қауіпті өндірістік объектіде сұйытылған көмірсутек газының (жарылыс, өрт қауіпті заттың) шығарылуымен және жарылуымен байланысты аварияның туындауына, адамдардың өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға, жеке және заңды тұлғалардың заңды мүдделеріне зиян келтіруге жол берудің алды алынды!
Ағымдағы жылдың көктемінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары «Мұнай синтез» ЖШС қауіпті өндірістік объектілерінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексеруді жүзеге асыру барысында бірқатар бұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және әкімшілік жаза (әкімшілік айыппұл) қолданылды.
Алайда, жоспардан тыс тексеру барысында кәсіпорын анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқаманың орындалмағаны анықталды. Содан Департаменттің мемлекеттік инспекторлары жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу (тоқтата тұру) туралы акт толтырып, шешім қабылдау үшін Нұр-Сұлтан қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдаған болатын.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұза отырып, АГҚС-ты пайдалану кезінде аварияның туындау мүмкіндігінің тәуекелдерін ескере отырып, бұзушылықтарды жойылғанға дейін АГҚС қызметін тоқтата тұру бойынша сот қолайлы шешім қабылдады.
Адамдардың өмірі мен денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін, қоршаған ортаны қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінен қорғау мақсатында ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды уақтылы жоюды ұсынады.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті