«Joint Drilling» ЖШС тексеру нәтижелері

«Joint Drilling» ЖШС тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары, 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Joint Drilling» ЖШС-нің қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі уран кен орындарында технологиялық ұңғымаларды бұрғылау болып табылады.

Тексеру барысында 9 объекті (бұрғылау агрегаттары, технологиялық сорғылар және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 10 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік айыппұл салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары: нормативтік қызмет ету мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларды пайдалану, нормативтік қызмет ету мерзімі өткен қауіпті техникалық құрылғыларға оларды одан әрі қауіпсіз пайдаланудың ықтимал мерзімін айқындау үшін сараптама жүргізілмегендігі болып табылады.

Адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қызылорда облысының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 3 бірлік қауіпті техникалық құрылғыларды (бұрғылау қондырғыларын) тоқтата тұру туралы талап арыз жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Уранды геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті