«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Т. Күзембаев атындағы шахтасындағы тексеру нәтижелері

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Т. Күзембаев атындағы шахтасындағы тексеру нәтижелері

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың бірінші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Т. Күзембаев атындағы шахтасындағы қауіпті өндірістік объектілер мен қауіпті техникалық құрылғыларға тексеру жүргізді.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрі тас көмірді жер асты тәсілімен өндіру болып табылады.

Тексеру барысында 71 объекті (ғимараттар мен құрылыстар, тау-кен қазбалары, таспалы конвейерлер, үңгілеу және тазалау кенжарларының электромеханикалық жабдықтары, желдеткіш құрылыстар, қысыммен жұмыс істейтін ыдыстар (ауа жинағыштар), көпір крандары, вакуум-сорғы станциялары, жер асты бекеттері және бақылау пункттері және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 178 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлармен анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салынды.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:

- тексеру мен диагностикалаудан кейін сараптама ұйымдары берген ғимараттар мен технологиялық құрылыстар бойынша техникалық қорытындылар ұсынымының орындалмауы;

- «Феррит» аспалы монорельсті жолдардың жағдайын уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- жер асты қосалқы станциялары мен тарату пункттерінің жай-күйіне уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- тау-кен қазбаларының жағдайын уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- ұңғылау және тазарту кенжарларының электромеханикалық жабдықтарының жағдайын уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- желдету құрылыстарының жай-күйін уақтылы бақылауды жүзеге асырмау;

- шахтаның геологиялық қызметі және басқа қызметкерлер штатының жасақталмауы болып табылады.

Адамның өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіп төндіретін бұзушылықтар бойынша Қарағанды облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа 2 бірлік қауіпті өндірістік объектілерді тоқтата тұру туралы талап арыз жіберу түрінде жедел ден қою шаралары қабылданды.

Сонымен, тоқтата тұру туралы акт берілді:

- тау-кен қазбасында 100 метр горизонттың жұптық конвейерлік квершлагында құрастырылған «Феррит» ПМД дизельді монорельсті жеткізу жолы (№0 пикетте 4 дана бұрылмалы сегменттер зауытта орындалмаған; № 2 пикеттен № 4 пикетке дейін қазба деформацияланған, соның салдарынан жылжымалы құрам мен қазба бекітпесі арасында, сондай-ақ жылжымалы құрамның түбі мен қазбаның топырағы арасында саңылаулар жоқ; № 1 пикеттен № 19 пикетке дейін арқалықтарды ілу зауытта орындалмаған);

- «Феррит» ПМД дизельді монорельсті жеткізу жолының тау-кен қазбасына монтаждалған рельсті еңісі 40к12-В (монорельсті жолдың аспасы (ПМД арқалықтары) зауытта орындалмаған бұрандалармен орындалған; № 1 пикеттен № 18 пикетке дейін монорельсті жолдың арқалықтарында трассаның түзулігін бақылау үшін нөмірлеу жоқ; № 9 пикеттен № 14 пикетке дейін тік және көлденең жазықтықтағы монорельсті жол арқалықтарының түзулігі бұзылған, қосымша созылу белгілері жоқ (қазбаның еңіс бұрышы 10-13 градус)).

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Көмір шахталарының қауіпті өндірістік объектілері үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.

 

ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті