Алматыда комиссия мұнаралы кранының құлауына қатысты тергеуді аяқтады

Алматыда комиссия мұнаралы кранының құлауына қатысты тергеуді аяқтады

Комиссия КБ-308 рельс жолдарындағы мұнаралы кранының авариясын (құлауын) тергеуді аяқтады.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 4 сәуірінде Алматы қаласы Түркісіб ауданы, «Жас Қанат» шағын ауданында орналасқан құрылыс нысанында мұнаралы краны салынып жатқан 9 қабатты ғимараттың парапетіне құлап кеткен болатын. Онда, ешкім зардап шеккен жоқ.

Комиссияны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілі басқарды, оның құрамына түрлі мүдделі тараптардың өкілдері кірді.

Тексеруді объективті және жан-жақты жүргізу мақсатында Комиссия «ТехБез Алматы» ЖШС техникалық сараптамасын тағайындады. Кранның металл конструкцияларының үлгілерін сынау «САПА ИНТЕРСИСТЕМ» ЖШС сынақ орталығымен жүргізілді. Мұнаралы кран бөлшектерінің металына металлографиялық талдау жүргізілді.

Кран элементтерін зерттеу бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасының қорытындысы негізінде кранының құлауының ықтимал себебі, кран құлаған жердегі рельс жолының шөгуі, сондай-ақ кран секциялары шпилькаларының бұрандалы қосылыстарының тозуы және созылуы болып табылады.

Сондай-ақ, Комиссия өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бірқатар бұзушылықтарын анықтады:

- өндірістік бақылау ұйымдастырылмаған;

- өндірістік бақылау туралы ереже әзірленбеген;

- өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайына тексеру жүргізу кестесі болмаған;

- жүк көтергіш крандардың, алмалы-салмалы жүк қармау құрылғылары мен ыдыстардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалау бойынша жауапты инженерлік-техникалық қызметкер, кран жолдарының техникалық жай-күйін тиісті түрде қадағалауды жүзеге асырмаған және өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидаларын бұзудың алдын алу жөнінде шаралар қолданбаған.

Тексеру нәтижелері бойынша комиссия аварияның себептерін жою және болашақта осындай жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар берді, сондай-ақ құрылыс компаниясы инженерлік-техникалық қызметкерді жауапкершілікке тартты.

 

ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті