Маңғыстау облысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Маңғыстау облысында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылдың 24 ақпанында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Қ. Мақажанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапар аясында Н.Қ. Мақажанов Маңғыстау облысының әкімі Н.А.Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңеске қатысты.

Кеңесте газ жабдықтарын пайдалану кезіндегі әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі қауіпсіздік, көп қабатты үйлерде лифтілерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білікті мамандардың тапшылығы мәселелері талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы Нұрлан Ноғаев жауапты тұлғаларға тұрмыста газ жабдығын пайдалану кезінде халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында Н.Қ. Мақажанов Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұжымымен кездесті.

Кеңесте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мәселелер, нормативтік-құқықтық актілерге, атап айтқанда Қысыммен жұмыс істейтін жабдықтарды пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларына, Газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарға өзгерістер талқыланды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама мен Әдеп кодексінің нормаларын қатаң сақтау туралы талаптар жеткізілді.

Сондай-ақ, Н.К. Мақажанов өнеркәсіптік қауіпсіздік және ТЖ ардагері К.С. Хайрушевпен кездесіп, оның барысында өңірдегі өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ағымдағы проблемалық мәселелер талқыланды.

К.С. Хайрушев Ақтау қаласының құрметті азаматы, 1972 жылдан 1991 жылға дейін еліміздің мұнай компанияларында әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарды, 1991 жылдан 2005 жылға дейін Маңғышлақ (Маңғыстау) облысының МемКенТехқадағалау инспекциясының бірінші басшысы болды, «Құрмет» орденімен марапатталған.