Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңды тұлғаларды аттестаттау талаптары мен оларға енгізілетін өзгерістер

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңды тұлғаларды аттестаттау талаптары мен оларға енгізілетін өзгерістер

        Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті өндірістік ортадағы қауіпсіздік талаптарын жетілдіру және заңнамалық базаны сәйкестендіру мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы Жеке кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сарапшылар кеңесінің мүшелерімен арнайы жұмыс кеңесін өткізді. Мемлекеттік орган мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған бұл кездесу саладағы өзекті мәселелерді қарастыруға мүмкіндік берді.

    Кездесу барысында қатысушылар Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2014 жылғы 26 желтоқсандағы «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестаталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 299 бұйрығына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселелерін жан-жақты талқылады. Нормативтік-құқықтық актіні жаңарту арқылы рұқсат ету процедураларының ашықтығын қамтамасыз ету және өндірістік қауіптердің алдын алу шараларын күшейту көзделіп отыр.

     Кеңесті өткізу кезінде бизнес-қоғамдастық өкілдері осы салада тиісті жұмыстарды жүзеге асыру құқығына аттестат алуды көздейтін заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды одан әрі нақтылау бойынша бірқатар бастамаларын білдірді. Тараптар заңнамалық талаптардың іс жүзінде қолданылу тиімділігін арттыру мақсатында өндірістік үдерістерді қауіпсіз ұйымдастырудың негізгі факторларына басымдық берді.  Осы орайда, қажетті тиісті практикалық тәжірибесі бар білікті мамандарды тарту, сондай-ақ кәсіпорындарды заманауи өндірістік базамен және талапқа сай материалық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Талқылау қорытындысы бойынша білдірілген ұсыныстар алдағы уақытта нормативтік құжаттарды жетілдіру жұмыстарында ескерілетін болады.