
Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы өңірдегі өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және апаттық жағдайлардың алдын алу бағытындағы жоспарлы жұмыстарды жалғастыруда. Кәсіпорындарда тиісті қорғау деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік инспекторлар кезекті жоспарлы тексеріс шараларын өткізді. Іс-шара барысында Басқарма мамандары «Пойма май комбинаты» ЖШС-нің өсімдік шикізатын өңдеу және сақтау қызметін қолданыстағы заңнамалар мен белгіленген өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігі тұрғысынан жан-жақты зерделеді.
Тексеру нәтижесінде өндірістік процестерді ұйымдастыру мен техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтауда бірқатар ауытқушылықтар мен кемшіліктер анықталды. Табылған бұзушылықтар бойынша кәсіпорын басшылығына орындалуы міндетті нұсқама тапсырылып, олқылықтарды жоюдың нақты мерзімдері айқындалды.
«Өнеркәсіптік объектілерде қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуы – еңбеккерлердің өмірі мен денсаулығын қорғаудың, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алудың басты кепілі. Біздің тарапымыздан берілген нұсқамалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы жіті қадағаланады», – деп атап өтті БҚО ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының өкілдері. Талаптардың орындалуы мен анықталған кемшіліктердің жойылуы Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында болады.