
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау шаралары тұрақты түрде жалғасуда. Ведомство мамандары өндірістік объектілердің қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жан-жақты зерделеп жатыр. СҚО-дағы өнеркәсіптік нысанда қысыммен жұмыс істейтін ыдыстарға техникалық куәландыру жүргізілді. Солтүстік Қазақстан облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасының мамандары «СИМАРГЛ» ЖШС нысанындағы көлемі 54 текше метр резервуарларға пневматикалық сынақ ұйымдастырды. Тексеру нәтижесінде жабдықтар өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сай деп танылып, әрі қарай пайдалануға рұқсат етілді.
Ұлытау облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы «Рудсервис К» ЖШС қызметіне тексеріс жүргізуде. Шара барысында өндірістік бақылау жүйесі зерделеніп, қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіз пайдаланылуы бақылауға алынды. Сонымен қатар, аталған өңірдегі құрылыс нысандарында инспекторлар мұнара крандары мен көтергіш техникаларды техникалық куәландыруға қатысты. Тексеру барысында металл конструкцияларының тұтастығы, механизмдер мен қауіпсіздік құрылғыларының жарамдылығы, жүк қармау құрылғыларының сенімділігі, сондай-ақ монтаж жұмыстарының Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің талаптарына сәйкестігі тексерілді.
Қостанай облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы «База сжиженного газа» ЖШС қызметіне жоспарлы тексеріс ұйымдастырды. Тексеру қорытындысы бойынша ереже бұзушылықтар анықталып, тиісті акт түзілді, әкімшілік айыппұл салынды және 50 баллонды пайдалану тоқтатылды. Шара соңында кәсіпорын басшылығымен кеңес өткізіліп, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау мәселелері талқыланды.
Мұндай алдын алу және бақылау шаралары өндірістік жарақаттану мен авариялардың алдын алуға, сондай-ақ қауіпті өндірістік нысандардың тұрақты және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.