Шахталардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау мәселелері талқыланды

Шахталардағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті бақылау мәселелері талқыланды

      Сәтбаев қаласының прокуратурасында «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС кәсіпорындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнаманың сақталуы мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынды қала прокуроры Д. Башанов жүргізді. Кеңеске Ұлытау облысы ТЖД бастығының орынбасары, қала әкімдігі, полиция, экология, еңбек инспекциясы өкілдері және «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Сәтбаев өнеркәсіптік аймағына қарасты шахталардың басшылары қатысты.

       Ұлытау облысы ТЖД бастығының орынбасары С.А. Сагидуллаев техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға дайындықтың қазіргі деңгейі туралы ақпарат берді. «Төтенше жағдайлар департаменті өз құзыреті шегінде Сәтбаев өнеркәсіптік аймағындағы қауіпті өндірістік нысандарда жоспарлы тексерулер жүргізу барысында жүйелі бақылауды жүзеге асырады. Прокуратурамен және басқа да бақылаушы органдармен өзара іс-қимыл жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, барлық тәуекелдерге жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», — деді С.А. Сагидуллаев.

      Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар авариялардың алдын алу шараларын күшейту және кәсіпорындардағы өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру жөніндегі қосымша шараларды айқындады. Пайдалану барысында заңбұзушылықтар анықталған бірқатар нысан ерекше бақылауға алынды.