
Ұлытау облысы ТЖД Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не қарасты Жомарт кенішінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Шара барысында өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуы және адам өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптерді жою мәселелері басты назарға алынды. Атап айтқанда, шахтадағы көлік құралдары мен қазбаның панельдеріне персоналды позициялау және іздестіру жүйесі енгізіліп, бұған дейін анықталған бірқатар кемшіліктер түпкілікті реттелді. Сонымен қатар, тексеру нәтижесінде әлі де орындалмаған талаптар анықталды. Олар бойынша тыйым салу актілері мен нұсқамалар беріліп, тиісті әкімшілік шаралар қабылданады.
Сондай-ақ, кеніш басшылығы тарапынан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен «СоюзГеоМех» ЖШС арасында тау-кен жұмыстарын геомеханикалық сүйемелдеу туралы шарт жасалғаны хабарланды. Қазіргі таңда аталған мердігер ұйымның мамандары Жомарт кенішінің геомеханикалық моделін әзірлеу мақсатында тау-кен қазбаларына 3D-сканерлеу және деректерді жинау жұмыстарын атқаруда.